Бас Мүфти қазақ елін Рамазан айының басталуымен құттықтады

295

0

Сурет: muftyat.kz

Бас мүфти және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

«Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Демек шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады, деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

«Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мен осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін, деп атап өтті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

«Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын. Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жерлестерін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

Мемлекет басшысының сөзінше халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.

Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл, деп атап өтті президент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<