Бас муфти қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

324

0

Фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарға жылы лебізін білдіріп, ел тыныштығын тілек етті, деп хабарлады Қазақпарат.

«Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – ораза айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Қасиетті Рамазанның аяқталғанын білдіретін мейрамда, жүрекке мейірім, қуаныш сезімі ұялайтын сәулелі сәтте сіздерге, отбасыларыңызға риясыз ниетпен Алланың амандығы мен берекесін тілеймін. Жаратқан жар болсын! Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей!», – деді бас муфти.

«Айт» сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген мағынаны білдіреді.

«Жаратушы Жаббар Иеміз: «…Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – деп сүйінші хабар жеткізген. Жаратушы Иеміз барша мұсылман қауымның қуанышын арттырғай! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында еліміз бойынша қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға риясыз ниетпен айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!», – деді ол.

Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні сыйлық беріп, қуанышқа бөлеу – сауапты іс. Көмекке мұқтаж адамға қайырымдылық жасау да сауабы мол амалдың бірі.

«Өздеріңізге белгілі, еліміздің бірнеше аймағында болып жатқан көктемгі су тасқыны жергілікті ағайын-жұртты үрейлендіріп, үлкен әбігерге салуда. Үйі мен мал-дүниесінен айырылған отбасыларға мемлекетіміз тиісті көмек көрсетуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз мүмкіндігі аясында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды мешіт пен медреселерге орналастырып, оларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетті. Сонымен қатар су басқан аймақтарға 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Тасқын судан үйі жарамсыз болып қалған қолында мүгедектігі бар екі баласымен шарасыз күйге түскен жалғыз басты анаға пәтер берді. 1113 дін қызметкері ортақ іске жұмылдырылды.

Осы ретте барша мұсылман қауымын Ораза айт күндері сынақты күндерді бастан кешіп жатқан жұртымызға қол ұшын беріп, жүректеріне қуаныш ұялатуға шақырамын. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, ізгі істің сауабы еселеніп, қайырын өздеріңіз көріңіздер.

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы істерімізді, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық, құт-береке тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Алла Тағала қазақ даласын түрлі табиғи апаттардан сақтағай. Сынақты сәттерді бастан кешіп жатқан жерлестерімізге Жаратқан Иеміз жар болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<