Бас прокуратура республикалық референдум аясында митинг өткізудің тәртібін түсіндірді

510

0

ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин республикалық референдум аясында митинг өткізудің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Референдум алдында үгіт жүргізу мақсатымен жиналыстар мен митингілер өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібі туралы» Заңмен реттеледі. Сәйкесінше, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің осы сипаттағы жиналыстар мен митингілер өткізу ниеті болса, хабарлама жасау тәртібі қарастырылған. Оларды өткізу туралы хабарлама әкімдікке белгіленген күнге 5 жұмыс күні қалғалға дейін кешіктірілмей жазбаша берілуі тиіс. Ондай бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі. Әкімдік хабарламаны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы 3 күн өткеннен кейін әкімдік тарапынан жауап болмаған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарлама бойынша жиналыс өткізуге құқылы», – деді Бас прокурордың аға көмекшісі.

Сондай-ақ, ол аталған хабарламаны қарау немесе жергілікті атқарушы органның шешімін алу мерзімдері өткеннен кейін ғана осындай іс шараларға қатысуға үгіттеуге болатынын еске салды. Бас прокуратура өкілі референдум кезінде бейбіт жиындар өткізудің талабын бұзғандарға қандай жаза қолданылатынына тоқталды.

«Егер осы талаптар сақталмай, жмналыс немесе митингілер жергілікті әкімдікке тиісті хабарлама берілместен ұйымдастырылып, өткізілсе, ұйымдастырушылар да, қатысушылар да әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 488-бабы бойынша, ескерту, айыппұл және қамау түрінде жаза көзделген. Жергілікті атқарушы орган жиналысты немесе митингіні өткізуді келісуден ресми түрде бас тартқан жағдайда да оларды өткізуге тыйым салынады және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттердің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Ол 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түрінде жазаны көздейді», – деді Азамат Сарғазин.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев конституциялық реформаға қатысты өтетін республикалық референдум өткізуге қанша қаражат бөлінгенін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<