Өткен 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланып, аймақ басшысының қолдауымен аудандарда «Руханият орталықтарының» іргетасы қаланған болатын. Арада жыл өтпей жатып жақында ғана, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы күні облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен ашылған Қазалы ауданының «Руханият орталығында» аудандық зағиптар қоғамының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуына байланысты «Бас қала болған, астана болған – Қызылордам» атты мәдени-тағылымдық іс-шара өтті.
Жаңадан ашылған мекенге қоныс аударған Қазалы аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету залында өткен іс-шараға қатысушылар Қызылорданың астана болған кезеңіне сәйкес келген құнды деректер туралы пікір алмасты.
1924 жылы қыркүйек айында Қазатком сессиясы ел астанасын Орынбордан Ташкентке ауыстыру, оған Мәскеу рұқсат етпеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы қабылдады. Алайда Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылғаны, сол жылғы 15-19 сәуір күндері Ақмешітте кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі өткені белгілі. Халқымыздың орысша «киргиз» деген атауын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласы атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдандығы туралы деректер көпшіліктің санасында мақтаныш сезімімен қатар, бүгінгі күні қанатын кеңге жайып, тез көркейіп келе жатқан Сыр өңірінің бас қаласы туралы терең ой қалдырды.
Шара соңы қоғам мүшелері ұйымдастырған Қызылорда қаласы туралы ән-күйлерге арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы






