Бас жоспар – өркендеу өлшемі

208

0

Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесуі әлі де жалғасуда. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Титов шағын ауданындағы М.Ералиева атындағы Мәдениет үйінде және №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінде қала тұрғындарының алдында есеп берді. Кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Жалпы, бұған дейін қала әкімі бірқатар  кент, ауылдық округтерде есеп беру және 2 қоғамдық қабылдау жүргізіп, бар­лығы 11 кездесу өткізді. Ер­кін форматта өрілген кез­десудің барлығында дерлік  тұрғындар қала басшысының еңбегіне шынайы оң бағасын беріп, алғысын жеткізді.
Шаһар басшысы өз есебін қаланың қазынасынан, өткен жылдың бюджеттік кіріс­тері мен әр саладағы жеткен же­тістіктерінен   бастады. Қа­ланың бюджеті өткен жы­лы 42,9 млрд теңге көле­мінде бекітіліп, жыл қоры­тындысымен 77,3 млрд тең­­геге жеткен. Бюджет көр­сеткіші жыл басынан бері 80 процентке артқан.
Ауыл шаруашылығы са­ласында мемлекет тарапы­нан жасалған жеңілдік­тер нә­тижесінде егін, мал шаруа­шылығы­ның да көрсеткіші артуда. Өнім көлемі 8 млрд теңге­ден асты. Мемлекеттік бағдар­ламалардың аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн теңге жеңілдетілген не­сие беріліп, қала бойынша мал басының саны 58 мыңға же­туде.
Қалада тұрғын үй құры­лысының қарқынды дамығаны халықты баспанамен қамту көрсеткішінде оң өзгеріс ен­гізді. Соңғы жылдары жа­ңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық тұр­ғын пәтерге ие болды.  Не­гізгі капиталға салынған ин­вестиция көлемі 156 млрд 441 млн теңгені құрады. Өт­кен жылы атқарылған құ­рылыс жұмыстарының көле­мі 53 млрд 330 млн теңге­ге жеткен. Облыста са­лын­ған құрылыстың 36,6 про­цен­ті қаланың үлесінде.  Жыл қоры­тындысы бойынша мемле­кет­тік бағдарлама аясында көпқабатты 20 тұрғын үй, жеке инвесторлар қаражаты есебінен көпқабатты 7 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бүгінде Қызылорда қала­сында жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентті құрады. Был­тыр 9394 адам еңбекпен қамтылған. Кәсіпкерлік са­ла­сында да көрсеткіш жа­ман емес, былтыр 91 кәсіп­керлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек, Ин­дустрияландыру кар­тасы аясында 69 млрд 270 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, “Нәтижелі жұмыспен қамту”, “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 3,2 млрд теңгені құрайтын 255 жоба қаржыландырылған.
Өткен жылдың тағы бір жетістігі – мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік негізінде Ақжарма ауылдық округінде 150 орын­ға арналған мәдениет үйі пай­далануға берілсе, Бел­көл кентінде жаңа дәрігер­лік амбулатория өз жұмы­сын бастады. Жуырда Қызыл­өзек ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне бе­ріл­мек. Бұл жұмыстар биыл да  жалғасын табады. Мәселен, көлік саласын цифрландыру мақсатында 26 аялдамаға электронды ақпараттық таб­ло орнатылатын болады. Сон­дай-ақ, І жартыжылдықта “Қа­зақтелеком” акционерлік қоғамы арқылы барлық әлеу­меттік нысандарда, мектептер мен музейлерде, теміржол, автовокзал аумақтарында жо­ғары сапалы, көп функциялы цифрлық бейнебақылау каме­ралары орнатылмақ.
– Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру бас жос­парға сәйкес жүргізілуде. Соған орай, “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы биыл 14 көпқабатты тұрғын үй салынатын болса, 13 ипо­текалық тұрғын үйдің құ­ры­лысын аяқтаймыз. Бұл үйлер кезекте тұрған көпба­лалы, тұрмысы төмен отба­сыларға беріледі. Биыл ауыз сумен жабдықтау, кәріз-на­состық станцияларын қайта құру, тұрғын үйлерді қайта жаң­ғыртудан өткізу, жылу жүйе­лерін жаңғырту мен көшелерді асфальттау жұмыстары да жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан сауалдар жол­данды. Солардың бірі ардагер Қазия Шәмшиев әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамту мәселесін көтерсе, Әл Фараби шағын ауданының тұрғыны Кен­же­ғали Кәдірқұлов шеткі ай­мақтардағы жол мәселесін қозғады. Сондай-ақ, “Қала тазалығы” мекемесінде қыз­мет етіп жүрген Рая Қара­мырзаева тұрғындар таза­лық­қа мән берсе деген тілегін жеткізді.
– Тұрғын үй кезектілікпен беріледі. Қазіргі күні төрт категория бар. Сол бойынша тек кезегі келгендер ғана баспанаға қол жеткізеді. Де­сек те, банкке алдын ала қаржы салу арқылы үй алып жатқандар бар. Соған байла­нысты кезексіз беріледі деген түсінік қалыптасқан. Мұның бәрі бақылауда. Ал, биыл 32 көше мен кент, ауылдық округтер көшелеріне орташа, ағымдағы жол жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 655 млн 612 мың теңге бөлінді. Тұрғындар сұ­ранысына орай, шет ай­мақ­тардағы жол сапасын жақ­сар­туға басымдық беріле­ді. Өті­ніштер жерде қалмай­ды. Бар мүмкіндікті қарасты­ра­мыз, – деді Н.Нәлібаев. 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<