Бас жүлде – Қызылорда театрында

433

0

Қызылордада «Сырдың Сәбирасы-І» халықаралық театрлар фестивалі мәресіне жетті. Өскелең ұрпаққа өнегелі мәні зор өнер шарасы Қызылорда қаласының қазақ елінің астанасы болғанына 100, театрдың құрылғанына 70 жыл толуына орайластырылды.

Өткенге тағзым, ертеңге тағылым ретінде айшықталған фес­тиваль барысында сахна өнерінің саңлағы Сәбира Май­қано­ваның өнер жолы наси­хат­талып, халықаралық шығар­машылық байланысты нығайтуға жол ашылды. Шетелдік және еліміздің өзге өңірлерінен келген театр ұжымдары жергілікті көрерменге ой саларлық толымды туындыларды ұсынды.

Өнер шарасын бағалауға театр өнерінің шетелдік және қазақ­стандық белгілі тұлғалары шақыр­тылды. Фестивальде КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов қазылар алқасының төрағасы болса, Ш. Руставели атын­дағы Грузия мемлекеттік театр және кино университетінің профес­соры Лаша Чхартишвили, И.Арабаев атын­дағы Қырғыз мемлекеттік универ­ситетінің жетекші маманы Элеонора Турдубекова, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театры­ның ди­ректоры, өнертану ғы­лым­­дары­ның кандидаты Еркін Жуасбек, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профес­­соры, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төр­айымы Анар Еркебай спектакль­дерге лайықты бағасын берді.

Грузиялық Лаша Чхартишви­ли фес­тиваль аясында өнер ұжым­дары алып келген шығар­­малармен таныс­қанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, олардың қата­­рында Дина Жұмабаева, Гауһар Адай, Рана Мақатаеваның еңбектері бар. Бұл мамандар сыншылар тара­пы­нан жоғары бағасын алып үлгерген. Бір аптаға жуық уақытта қызылордалық көрермендер тәрбие мен та­ғылымы зор туын­дылармен сусын­дады.

Фестиваль бағдарламасында Н.Ос­тров­ский, У.Шекспир, Г.Маркес, Ш.Айтматов сынды әлемдік деңгейдегі классиктердің шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Оған қоса қазіргі қазақ драматургиясының үздік шығар­малары сахналанды. Әрбір спектакль барысында өнер ұжым­да­рының шығармашылық ізде­нісі, тәжірибесі, шеберлігі айқын аңғарылып тұрды.

Қазылар алқасының ше­ші­мімен бас жүлде Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры ұсынған Н.Островскийдің «Найзағай» драмасына берілді. Ал Атырау жастар театры алып келген «Хансұлу» перфомансы бірінші орынға лайық деп танылса, Т.Абду­момунов атындағы Қырғыз Ұлттық Академиялық драма театрының «Ай тутулган тундо» драмасы екінші орын алды. Үздік үштікті Грузиядан келген Н.Дум­бадзе атындағы мемлекеттік кәсіби балалар мен жасөспірімдер театры ұсынған У.Шекспирдің «Гамлет» драмасы түйіндеді.

Фестиваль барысында бір­қатар номи­нация бойынша жеңім­паздар анық­талды. Атап айтқанда, Б.Римова атын­дағы Талдықорған драма театры­ның «Ана» драмасы «Үздік актерлік ансамбль» номинациясына ие болса, Г.Мар­кестің «Макондо» драмасын сахна­лаған С.Қожамқұлов атын­дағы Жез­қазған қазақ музыкалық-драма театры «Ең үздік суретші» номи­нациясын алды. Сондай-ақ «Ең үздік ер адам бейнесі» номи­нациясына қоста­найлық Қо­ныс­бек Бегайдаров, «Ең үздік әйел бейнесіне» Алматы қала­сындағы ұйғыр музыкалық ко­медия театрынан Амина Үсенова ла­йық деп танылды. Ал Семей қала­сындағы Ф.Дос­тоевский атын­дағы орыс драма театры «Ең үздік плас­тикалық шешім» номи­нациясын, Румыниядағы Эльвира Годяну атын­дағы драма театрынан Попилиу Чоки «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», Т.Ах­танов атындағы Ақтөбе драма театр­ы­ның актрисасы Полина Савидская «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді.

«СБ» ақпарат