Кеше Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде «Петро Қазақстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ жүлдесіне арналған баскетболдан халықаралық дәстүрлі ашық Кубок басталды. Биыл 25-ші мәрте ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Ресей және Өзбекстан мемлекеті, сондай-ақ, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар, Қызылорда облыстары және еліміздің өзге де өңірлерінен келген 16 команда бақ сынаспақ.
Шараның ашылуына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлы және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ менеджері Ақтолқын Демесбайқызы қатысты.
Ашылу рәсімінде алғы сөз алған Жігер Оңдасынұлы барша командаға сәттілік тілеп, дәстүрлі жарыстың тартысты өтетініне сенім білдірді.
– Бүгінде аймағымыздағы барлық спорт түрлері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Әсіресе облыс намысын әр түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғап жүрген баскетболшылар тартысты бәсекелерде топ жарып жүр. Мінекей, бүгін «Петро Қазақстан Кұмкөл Ресорсиз» компаниясының бастамасымен дәстүрлі жарысымыз жалғасып тауып, бірнеше елден және еліміздің әр аймағынан келген үздік командалар сынға түседі. Осы орайда барлық жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, үздіктер жеңіс тұғырынан көрінсін деген тілек білдіремін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, Ақтолқын Сұлтангереева қатысушы командаларға компания атынан алғыс білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. Аталмыш жарыс 4 мамырға дейін жалғасатын болады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






