Баспана алудың шарттары жеңілдейді

85

0

 Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Соның ішінде әсіресе «7-20-25» бағдарламасының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Үй адамның тұрмыс-тіршілігіндегі ең басты қажеттілік деп санайтын болсақ, Президент ұсынып отырған жаңа бағдарлама тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан да жеңілдете түспек.  

Соңғы жылдары елімізде тұрғызылған баспана бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Солай бола тұрса да баспанаға мұқтаж жандар әлі де жеткілікті. Енді «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 проценттен аспайды. Ал алғашқы жарна бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл, 20 процент ғана. Сонымен бірге оның мерзімі 25 жылға ұзарғандықтан ауыртпалығы да аса байқалмайтын болады. Сөз жоқ, бұл бағдарлама өз кезегінде тұрғын үй құрылысының жаңа серпінмен дамуына дем береді.

Осы ретте біздің облыс басшылығы да өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мақсат етіп, 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «жол картасын» әзірлегенін атап өткен жөн.  Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтарының барлығына бірдей  қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен  2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдады.

Сыр өңірінде баспана құрылысы жыл өткен сайын өрістей түсуде. 2017 жылы 1983 пәтерге арналған 47 көппәтерлі тұрғын құрылысы жүрсе, соның ішінде мемлекет қаржысы есебінен 1600 пәтерлік 36 үй пайдалануға берілді. Ал облыс әкімінің 2018 жылға арналған іс-жоспарында барлық қаржы көздерінен 576 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру міндеттелген.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының бес бастамасы елдегі миллиондаған адамдардың мүддесімен үндесті.      

Арнұр НҰРМАҒАНБЕТОВ,


облыстық құрылыс, сәулет


 және қала құрылысы басқармасы


 басшысының орынбасары.