Баспанаға мұқтаж азаматтардың тізімі жасалады

477

0

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінгі Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғын үй саясатын реформалау мәселесі бойынша заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің қарауында. Оның шеңберінде тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығара отырып, «Отбасы банкін» ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады. Сондай-ақ «Отбасы банкінің» базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған. Ол санаттарға тиесілігіне қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ бүкіл мұқтаждарды орталықтандырылған есепке алатын болады. Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың бар-жоғына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылады», деді Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің мәліметінше, бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік бермек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<