Еңбек нарығында қолға алынған кешенді шаралар жұмыссыздар санын азайтуға, халықтың тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтылуына бағытталған. Зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек сынды төлемдер де маңызды. Табысы төмен, арнайы білімі жоқ азаматтарды кәсіпке бейімдеу мәселесі де назарда.
Қайта оқыту және еңбекке баулу, екі қолға бір күрек табуға қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, табысты жүзеге асырылуда. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша былтыр Қызылорда қаласында экономикалық белсенді халық саны 151301 адамды құраса, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды көрсеткен. Жыл басынан бері 4652 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 1123-і тұрақты болған. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева кеңінен айтып берді.
Биыл қалалық «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 13510 адам хабарласып, оның 4661-і жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 925 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Қызылорда қаласында ұлттық жобалар және тұжырымдамалар аясында 88 жоба бойынша 712 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күні 28 жоба жүзеге асырылып, 257 азамат жұмыспен қамтылды. Азаматтардың электронды еңбек шарттарының жүйеде тіркелуі мен зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуы қадағаланып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қоғамдық жұмыс орындарына 2715 адамға жолдама беріліп, 45-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 89 адамға жолдама беріліп, 9-ы жұмыспен қамтылды. «Күміс жас» жобасы аясында 376 адам жұмысқа жолданып, 4-уі орналасты. Жастар практикасы бойынша биыл 321 жолдама беріліп, 4-уі жұмысқа тұрды.

Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаты бойынша осал топтарға арналған мемлекеттік гранттар беру бағыты аясында Business.enbek.kz порталында өтініштер қабылданып, 520 адамға грант беру жоспарланды. Нәтижесінде 233 адам мемлекеттік грант алды. Енді екінші кезең бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алу өтінімдерін қабылдау тамыз айында жүргізіледі. Грант мөлшері 400 АЕК-ті құрайды. Жеңілдікті атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшесі, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, өзге де санаттағылар ала алады. Бастысы, жұмыссыз әрі 3 жылдан бері жеке кәсіпкер болуы шарт. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша сертификаты болуы да маңызды. Грант қандай жобаларды қолдайды әрі берілген қаржыны мақсатсыз қолдануға болмайтынын да ескертеді. Бүгінде қаншама азамат грант алып, кәсібін ашып, жұмысын жүргізіп келеді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Биыл барлығы 14980 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қызметтің басым бөлігі «Электронды үкімет порталы» арқылы қабылданған.
Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін әлеуметтік төлемдер төленеді. Атап айтар болсақ, 2893 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек, 1-6 жас аралығындағы 4518 балаға қосымша көмек және 319 отбасына тұрғын үй көмегі тағайындалған.
Қалада 33 мыңнан астам зейнеткер болса, ардагерлердің 220 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Қалалық ардагерлер ұйымымен бірлесіп, әлеуметтік маңызды іс-шараларды жүзеге асыруда. Ардагерлердің саулығы ұдайы назарда.
Сондай-ақ 186 жалғызбасты, бөгде адамның көмегіне мұқтаж қартқа, 270 мүгедектігі бар балаға, 82 белгілі тұрғылықты жері жоқ адамға, күндізгі жартылай стационарлық жағдайда 276 ардагерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп келеді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар ішінен 359 адамға құқықтық, психологиялық көмектер көрсетілді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






