Басты көрсеткіш – білім сапасы

2048

0

Фото: автордан

«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді»

Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ.

Президент тапсырмасынан туындайтын маңызды міндеттерді іске асыруда білім беру сапасын арттырумен қатар, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Әрине, ол үшін жаңа форматтағы педагог, заманауи орта, ұлттық тәрбие мен цифрлық мүмкіндіктер үндесуі тиіс. Жаңалықтарға толы жаңа оқу жылының да алғашқы айы өте шықты.

Қандай жаңалықтар деген сұраққа жауап бере кетсек, біріншіден, білімнің алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі білім беру сатысында республика көлемінде баламасы жоқ жобаларымыз сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, осы уақытқа дейін тәжірибесі ел аумағында таратылған «Тірек балабақшалар» желісін одан әрі кеңейту мақсатында «Оқуға құштар балабақша», «Талантты жұлдыздар» және «Ұлттық құнды­лықтар негізінде еңбекке баулу» жоба­лары бастау алды. Бұл балабақшаларды «Құзыреттілік орталық» ретінде зама­науи үлгідегі интерактивті құрал­дармен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 54,8 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар ата-аналарға тұрақты қолдау мен кеңес беру мақсатында мемлекеттік 158 балабақшада «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттер» жұмыс жасауда.

Осылайша бала тәрбиесінің бас­тапқы сатысында қолға алынған жүйелі жұмыстардың лайықты нәти­жесін беретініне сенім мол. Жалпы өңіріміздегі 577 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 45 391 бала тәр­биеленуде. Алайда жыл соңына дейін балабақшамен қамтылған балалар саны әлі де арта түседі. Бұған біздің мүм­кіндігіміз де, ресурстарымыз да жеткілікті.

Жаңа оқу жылында аймақтағы 339 мектепте 1-11 сыныптағы оқушылар саны 185 389-ды құрады. Оның ішінде, биыл 17 665 бүлдіршін мектеп та­балдырығын алғаш рет аттады. Өткен оқу жылының атап айтарлық жетістігі: аймақтың 5 мектебі еліміздегі «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Бұл – өңірдің орта білім беру саласындағы үздіксіз ізденіс пен толассыз тәжірибе ұштасқан үлкен еңбектің жемісі десек болады.

Тағы бір жаңашыл бастама жайында айта кетейік, «Тірек мек­тептер» желісін қалыптастыру арқылы мектептерді профильді дамыту бағы­тында «Бағдарламалау мектебі», «Жасыл мектеп», «Кәсіпкерлік мек­тебі» сияқты түрлі бағытта білім беру жұмыстары жалғасуда. Мемлекет бас­шысының бастамасымен қолға алын­ған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 400 млн теңгеге 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 5400 орындық 9 мектеп ел игілігіне та­быс­талса, қалған 1 мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі.

Заманауи үлгіде бой көтеріп, соңғы технологиямен жабдықталған «Келе­шек мектептері» «Әр мектеп – үздік мектеп» қағидатына негізделген. Міне, осы мақсатта аймақ ұс­таз­да­рының алдында аса жауапты мін­дет­тер тұрғанын айта кетуіміз керек.

Иә, жүйелі жұмыс бар жерде нәтиже бар. Соның бір дәлелі, ашылғанына жыл толмаған Қы­зылорда қаласының сол жаға­лауындағы №290 «Келешек мек­тебінің» оқушылары 7-10 та­мыз аралығында Қытай Халық Рес­публикасының Макао қа­ла­сында өткен халықаралық чем­­пио­натта жүл­дегерлер қа­тарынан көрінді. Ал мектеп директорының рес­пуб­лика­лық дәс­түрлі тамыз конферен­циясында Мем­лекет басшысының ал­дында хабарлама жасауы аймақ ұстаз­дарына артылған жоғары сенім деп білеміз.

 Өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктерімізді саралап өтсек, жалпы білім беретін пәндер бойынша пре­зиденттік, республикалық, олимпиада және ғылыми жоба конкурсының облыс­тық кезеңіне 1095 оқушы қатысып, 532 оқушы жүлделі орын­дарды иеленсе, қорытынды кезеңде 44 оқушы қатысып, 13 оқушы жүл­де­герлер қатарынан көрінді. Ал халық­аралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсына 42 оқушы қатысып, 28 оқушы жүлделі орындарға ие болды. 2024-2025 оқу жылында ауыл мектептерінің оқу­шыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олим­пиа­даның қорытынды кезеңіне 71 оқушы қатысып, 39 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде, 10 оқушы алтын медаль, 14 оқушы күміс медаль, 15 оқушы қола медаль иегері атанды. Ал олимпиада қоры­тындысымен, Қызылорда облысы жара­­тылыстану-математикалық бағыт­та «Ең үздік олимпиадалық ко­манда – 2024» но­минациясымен бірін­ші орынды, қо­ғамдық гумани­тар­лық бағытта үшінші орынды иеленді. Әрине, бұл аймақ ұстаздарының абыройлы еңбегінің айқын жемісі.

Тағы бір жетістігіміз, өткен оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олим­пиаданың толық нәтижесін көр­сету мақсатында жасалған «Еліміздің үздік 100 олимпиадалық мектебі» рейтингісіне біздің облыстан 5 мектеп енді. Олардың қатарында С.Шау­хаманов атындағы №9 «Білім-ин­но­вация» лицей-интернаты, №10 «Білім-инновация» лицей-интернаты, Қазалы ауданы  №276 орта мектебі, Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-ин­тернаты және Жалағаш ауданындағы №123 мектеп-лицейі бар.

Биыл 27 шілде – 3 тамыз аралығында Боливия мемлекетінің Сукре қала­сында мектеп оқушыларына арналған отыз алтыншы халықаралық олим­пиада өтті. Беделді зияткерлік додаға әлемнің 98 елінен 400-ге жуық оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасы атынан сайысқа түскен Қызылорда қаласы С.Шаухаманов атындағы №9 «Білім-инновация» лицей-интер­на­ты­ның 11-сынып оқушысы Мансұр Мама­дахунов күміс медаль иеленді. Халықаралық аренада республика мен аймақтың абыройын асқақтатып жүрген дарынды ұландарымыздың бі­лімдерін одан әрі жетілдіру мақ­сатында жан-жақты қолдаулар жалға­сын табатын болады.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоры арқылы 32,4 млн теңгеге болашақ инженерлер жобасы аясында 9 мектепке робототехника құрылғылары жеткізіліп, тиісті мамандары арнайы оқудан өткізілсе, биылғы жылы Қызылорда облысындағы ауылдық білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 50 орта мектеп пен 8 шағын жинақты мектептерді жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын за­манауи пәндік кабинеттермен жаб­дық­тау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қор талабына сәйкес жабдық­талатын мектептердегі ұстаз­дары­мыздың біліктілігін арттыруға қажетті 178 млн теңге облыстық бюджеттен бөлініп, жыл аяғына дейін 1745 педагог арнайы оқытудан өтеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жас түлектеріміз республикалық, халық­аралық бай­қауларда топ жарып, аймақтың білім саласының абыро­йын қорғап жүр. Осы орайда олар­дың қа­білетін шыңдап, ғылыми жо­баларға, олимпиадаларға дайын­даған ұс­таздар еңбегі өлшеусіз.

Иә, өңір педагогтерінің қа­жырлы еңбегі әрдайым мем­лекет назарында және олардың то­лайым табыстары рес­пуб­лика деңгейінде жоғары баға­лануда. Соның айқын дәлелі ретінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолы­нан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына Есбосынова Нағиша Қошаққызы мен Серекеева Күміскүл Дүйсенқызы ие болды. Ал ұстаздық жолда өзіндік ізін қалдырған Әбенова Ләззат Өтеген­қызына берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі аймақтың білім саласының биігін асқақтата түсті. Мұнымен қоса, ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйым­дас­тырған жыл са­йынғы «Үздік педагог» респуб­ликалық конкурсынан 2022 жылы 4 педагог, 2023 жылы 5 педагог, 2024 жылы 6 педагог «Үздік педагог» атанып, әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленді. 2025 жылдың өзінде облыс педагогтері «Матема­ти­калық регата» байқауының респуб­ликалық кезеңінен бас жүлде, «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» сайысынан коман­далық ІІІ орын, «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауынан 5 әріптесіміз жүлделі орындар иеленді.

Педагог мәртебесін жоғарылату және оларды әлеуметтік қолдаумен қатар, ұлағатты ұстаздарымыздың қо­ғам алдындағы беделін арттыру, тәжіри­бесін тарату бағытында да қар­қынды жұмыстар жүргізілуде. Мы­салы, үздік педагогтердің тәжіри­бесі республикалық «Үздіктен үйрен» және облыстық «Шебер педагогтер шебер­ханасы» жобалары аясында басқа педагогтерді әдістемелік қолдау мақ­сатында кеңінен таратылуда. Сол секілді, Абай атындағы мектеп және №290 «Келешек мектебінде» арнайы «Ұстаздар галереясы» ашылды.

Президент тапсырмасына сай оқушыға білім берумен қатар, тәрбие жұмысын жетілдіру бағытында жаңа оқу жылында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асы­рылады. Бұған байланысты сала бо­йын­ша жан-жақты іс-шаралар жос­- п­ары бекітілді. ҚР Оқу-ағарту ми­­­­нистрлігі тарапынан «Адал азамат» бір­тұтас тәрбие бағдарламасының визуал­ды сүйемелдеуін қамтамасыз ету мақ­сатында арнайы брендбук әзір­леніп, бағдарламаның негізгі құнды­лықтары мен идеясын бейнелейтін визуалды стильдер, түстер палитрасы, қаріптер, макеттер мен қабырға безендіру элементтері бекітілді. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген 3 «Келешек мектебі» және аймақтағы барлық орта білім беру ұйымдары осы брендбукке сәйкес безендірілді.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізуге байланысты кәсіптік білім беру саласын трансфор­мация­лаудың жол картасы қабылданды. Қазіргі таңда өңірімізде 28 колледж бар. Оны ішінде 19 колледжде 45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұ­мысшы кадрлары даярлануда. Жалпы 20 584 студенттің 4986-сы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. 2025 жылы жастардың тегін кәсіптік білім алуы үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 5308-ді құрады. «Жұмысшы мамандықтар жылында» «Мансап ком­пасы» платформасы арқылы 5000 оқушыға кәсіби бағдар беру, 20 мың оқу­шыға кәсіпорын базаларына экс­кур­сиялар ұйымдастырылып, 40 мек­теп базасында бейінді сыныптар ашылды.

Халықаралық байланысты дамыту мақсатында колледждер Түркия, Қырғызстан, Германия, Ресей, Латвия, Өзбекстан, Польша мемлекеттерімен 7 халықаралық, 98 республикалық және 56 аймақтық оқу орындарымен бар­лығы – 161 ынтымақтастық мемо­рандумға қол қойды. Жалпы 2024-2025 оқу жылының қорытындысымен білім беру саласының барлық дең­гейлері бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында алға қойыл­ған мақсат-міндеттерге қол жеткіздік.

Сөзіміздің нақты дәлелі, биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы мен мемлекеттік грант иелену көрсеткіші бойынша облы­сымыз республикада үздік атанды. Қорыта айтқанда, аймақ ұстаздары төл мерекеге лайықты тартумен келіп отыр. Биылғы оқу жылы да абыройлы еңбек, айқын жетістіктерге ұласа­тынына сенім артамыз.

Асқарбек ЕСЖАНОВ,

облыстық білім басқармасының басшысы