Сырдария ауданы бойынша 1 кент, 13 ауылдық округ бар, барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ауыз су жүйесі электр энергиямен жұмыс істейтіндіктен насос қондырғылары қойылып, трансформаторлар жұмысы үздіксіз іске қосылған.
Ауданда ауыз суды тұтынатын абонеттер саны – 2647. Ауыз суға бекітілген төлем бір текше метрге 307,84 ҚҚС-мен 2023 жылдың 1 желтоқсанынан басап қолданысқа енгізілген. Бекітілген нормаға сәйкес бір адам күніне 140 литр тұтынады, яғни бір айға 4,3 текше метр су белгіленген.
Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Бүгінде сырдариялықтар ауыз судың тапшылығын сезінбейді, себебі бұрынғыдай ауыз суды тасып ішетіндер жоқ, әрбір тұрғынның үйіне жеке-жеке құбыр тартылған. Дегенменде, суқұбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты ауыз су уақытша тоқтатылып, тұрғындарға алдын ала хабарлама берілуде.
Бүгін, аудандық ТҮКШ және АЖ бөлімі, аудандық қоғамдық даму бөлімі, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп бөлімі және «Арал» СЖКБД филиалы мамандары бірлесіп, Тереңөзек кентінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарда, атап айтқанда қоғамдық монша, кілем жуу және автокөлік жуу орталықтарында суды үнемді әрі ұтымды пайдалану жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінде кент орталығында: 5 қоғамдық монша, 2 кілем жуу және 5 автокөлік жуу орталықтары бар.
Судың қадірі барлығымыз үшін маңызды. Бүгінгі күні ауыз су тапшылығы қазіргі заманның жаһандық өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы орайда, тіршілік көзін үнемдеу үшін, тұрғындардың ауыз суды тек тұрмыстық мақсатқа пайдалануына және әрқайсысымыз асқан жауапкершілікпен қарап, ауыз суды бау-бақша, құрылыс жұмыстарына пайдаланбау сұралады.
Сырдария ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<