Батыр. Қаламгер. Қайраткер

7

0

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес одағының батыры Жәлел Қизатовтың туғанына 105 жыл толуына орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Батыр. Қаламгер. Қайраткер» кітабының тұсаукесері өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қа­зақстан Жазушылар одағының мү­шесі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Кеңес одағының батыры Жәлел Қизатовтың өмірінен сыр шертетін «Батыр. Қаламгер. Қайраткер» атты жинақ облыс әкімінің тапсырмасымен әрі қолдауымен жарық көрді. Кітаптың құрастырушысы – университеттің бас редакторы Қали Омаров. Жинақты дайындауға Ұлттық академиялық кітап­хана, Ұлттық кітапхана, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда және С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханалары, универ­ситеттің ғылыми кітапханасы, облыстық архив қызметкерлері, университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Қалиев үлес қосқан.

Жиынның модераторы, универси­тет­тің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Бөрібаева басқосудың маз­мұнымен таныстырды.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық қоғамдық даму басқармасының бас­шы­сы Руслан Қаюпов кітап кейіпкері, Кеңес одағының батыры Ж.Қизатовтың отбасына облыс әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді. Ал қалалық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің бас­­шысы Айдын Қайруллаев өз сөзінде май­дангердің ұстаздық, тұл­ға­лық бол­мысын үлгі тұтқанын атап өтті.

Жиында доцент, филология ғылым­дарының кандидаты Алдажар Әбілов, профессор Ұлжан Жанбершиева, аға оқытушы Айман Айтбаева, про­фес­сор, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, техника ғылым­дарының кандидаты Бақыт Қалиев және тарих ғылымдарының докторы Тас­танбек Сәтбай тақырыпқа сай баян­дама жасап, майдангер, қаламгер Ж.Қизатовтың адами бітім-болмысын, батыр­лығын, қайраткерлігін сөзбен сурет­теді. Қаламгер шығармаларына талдау жасап, әдеби тұрғыдан қараған­дағы ерекшелігін айта келіп, қоғамдық-саяси тұрғыда патриоттық тәлім-тәр­биеге негіз болатынын атап өтті.

Ел ағалары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, Қызылорда облысы­ның  құрметті  азаматы  Тұрғанбай  Ма­ха­н­­ов, өлкетанушы, қаламгер Сағат Жү­сіп майдангердің өмірі мен қызмет жо­лына қатысты мазмұнды естеліктер айтты.

Кең ашатын әлем салған жүрегін,

Сөйлеуші еді, түріп батыр тілегін.

Алатауды ардақтаған Жамбылдай,

Мақтаушы еді, теңеу жетпес

Сыр елін.

Иә, солай, Сарыарқаның түлегі,

Сыр бойында қанат жайды, түледі.

Қайда туды, қайда тұрды сөз емес,

Бар қазаққа ортақ оның жүрегі, – деп жазған екен көрнекті ақын Кәкімбек Салықов.

«Батыр. Қаламгер. Қайраткер» кітабының кейіпкері Жәлел Қизатов  Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, майдандағы ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атағын иеленген. Ол бейбіт өмірде де ел дамуына зор үлес қосып, бірнеше жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Атап айтар болсақ, екі мәрте «Ленин» орденін, «Октябрь революциясы», 1-2 дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін алған.

1990-1993 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Арал эко­логиялық мәселесін мемлекеттік деңгейге көтеріп, Ауған және Чернобыль ардагерлерінің құқықтарын қорғауға атсалысты. Батырдың есімі Қызылорда қаласындағы бір көшеге және №23 мектепке берілген.

Майдангер жазушы Жәлел Қизатовтың «Өмір өткелдері», «Өмір мен өлім» атты кітаптары жарық көрген.  Бұдан бөлек, бірнеше жинақта өмірі мен шығармашылығы насихатталған.

Іс-шара аясында майдангер ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жалелова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек» медалімен марапатталды.

Жиынға университет ардагерлері мен ғалымдары, сондай-ақ Жәлел Қизатов атындағы №23 мектептің мұға­лімдері мен оқушылары, Ауған соғысының ардагерлері және батырдың ұрпақтары қатысты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»