Батырхан Шүкеновке арналған байқау кезінде 8 жастағы бала зардап шекті

913

0

Қызылордада Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына арналған байқау кезінде екі велосипедші 8 жастағы баланы қағып кеткен. Бала жарақат алған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл оқиға туралы зардап шеккен баланың анасы Instagram-дағы Kritikakyzylorda парақшасында айтқан. Оның айтуынша, оқиға 18 мамырда түнде облыс орталығының орталық алаңында белгілі әнші, композитор Батырхан Шүкеновтің мерейтойына арналған «Отан Ана» республикалық әншілер байқауы кезінде болған.

Батырхан Шүкеновке арналған байқау кезінде 8 жастағы бала зардап шекті

«21.30-да жерлесіміз Батырхан Шүкеновті еске алу конкурсы өткен алаңға келдік. Бірақ бірнеше минуттан соң, велосипедшілер кішкентай ұлымды жылдамдықпен қағып кетті. Олар тоқтап, кешірім де сұрамады, әрі қарай кете берді. Ұлым шошып кетті: басы айналды, терісі жыртылды. Бұл үшін кім жауап береді? Ұлымның орнында 2-3 жасар бала болса, қайғылы жағдай болар ма еді?! Қала әкімдігі, Ішкі істер органдары, алаңды қашан ретке келтіресіздер?» – дейді әйел.

Қала тұрғындарының айтуынша, велосипедшілер, скутер тепкен жігіттер орталық алаңда серуендеп жүрген адамдарды бірінші рет қағып тұрған жоқ.

«Жүктіліктің соңғы айында болғанда, велосипедтегі екі қыз мені де қағып кетті. Мен құлап, тұра алмадым. Қайырымды адамдар көмектесті. Осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бойы ақсап қалдым. Біз де алаңға барудан қорқамыз, онда жүру мүмкін емес: велосипедшілер, скутер тебетіндер жоғары жылдамдықпен жүреді», – деп жазды қала тұрғындарының бірі.

Қызылорда Полиция басқармасы мұндай оқиғаларда қылмыс белгілері жоқ екенін атап өтті, сондықтан зардап шеккендер моральдық және материалдық залалды өтеу туралы шағымдарды азаматтық сотқа беруі керек.

Қалалық әкімдікте алдағы уақытта орталық алаңдағы велосипедшілерге қатысты мәселе шешілетінін атап өтті.

«Қалалық әкімдік тарапынан кәсіпкерлер арасында осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада Қызылорданың орталық алаңы ретке келтіріледі», – деп толықтырды әкімдік қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<