Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болады

222

0

Фото: Охотзоопром БҚО филиалы

Батыс Қазақстан облысында киік санының жыл санап көбеюі күрделі мәселеге айналғаны шындық. Бұл жануарлар қоршаған ортаға қалай әсер етуде? Киіктен зардап шегіп отырған шаруаларға өтемақы қарастырыла ма? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі мамандарға жолығып, мәселені зерделеп көрді.

Жабайы жануардан жұқпалы ауру тарай ма?

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Әбсатировтың айтуынша, Орал популяциясындағы киіктердің шектен тыс өсуі мал азығы мен су көздерінің тапшылығын туындатып, аудандарда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылық иелеріне қиындық келтіріп отырғаны мәлім.

Ғалымның пайымдауынша, бұл облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының мал шаруашылығын дамытумен айналысатынына байланысты. 

Бір жағынан, төрт түлік малдың, екіншіден, киіктің тым көбейіп кетуі экожүйенің бұзылуына әкеліп отыр. Аталған аудандарда қазірдің өзінде жайылым мен шабындық жерлер жетіспейді. 

«Киіктер табиғатынан аса сақ жануар, оларға жақындау мүмкін емес еді. Алайда бұл тарихта қалды. Киіктердің шамадан тыс өсуіне байланысты этологияда (жануарлардың мінез-құлқының биологиялық негіздерін зерттейтін ғылым) өзгерістер болды. Нақты айтқанда, киіктер қорқынышын жоғалтып, кез келген маусымда елді мекендер мен шаруа қожалықтары маңында емін-еркін жүріп, малмен бірге жайылатын болды. Егер өңірде ветеринарлық тұрғыда жағдайдың аса қолайлы еместігін ескерсек, ауырған және өлген киіктерден ауру тарау қаупі де артады», дейді ғалым. 

Зерттеу көрсеткендей, популяция санының мөлшерден тыс көбеюі киіктің өз ішінде ғана емес, бұл ауруларды малға, тіпті адамдарға жұқтыруға апарып соқтырады. Аурудан киіктің едәуір бөлігі өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар ауру малдан да жұғуы мүмкін.

Қазіргі кезде Орал популяциясындағы киіктер саны 3 миллионнан асып кетті. Киіктің малмен, қаңғыбас иттермен және басқа жануарлармен тығыз араласуы түрлі дерттің туындауына әсер етеді. Бұған фермерлер мен тұрғындар жіберіп жататын фотосуреттер мен бейнежазбалар дәлел.

Соңғы жылдары түрлі қан ауруларын таратуы мүмкін кене мал үшін де, жабайы жануарлар үшін де сорға айналды. Оның көбеюін тұрғындар, сондай-ақ кейбір мамандар мен блогерлер киікпен байланыстырады. Бұл дұрыс емес.

Кенелерді экожүйенің бір мүшесі деп айтуға болады. Олар қысқы кезеңде топырақта, ұсақ бұтаның тамыр жүйесінде, кеміргіштер індерінде, мал қораларында, тезек қалдықтарында сақталып, көктемнен бастап жануарлардың мазасын қашырады.

Кенелер киік мекендемейтін Қазақстанның басқа да өңірлерінде кездеседі. Онымен күресудің өз әдіс-тәсілдері бар, дәрі-дәрмектер де жеткілікті. Сондықтан мал иелері кенені киіктен көрмей, өздері емдеу жұмыстарын уақытында жүргізуі керек. 

Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болады
Фотоны Ғайса Әбсатиров ұсынған

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік басын сақтау жөнінде шешім қабылдады. Яғни киік санын реттеу жұмыстары 2029 жылға дейін тоқтатылды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауға көмектесуге екпін түсірілді. Әйтсе де бізде киік мекендейтін жерлерде, соның ішінде елді мекендер маңында осы жануардың өлекселерін жинау және утилизациялау мәселесі шешілмеген. Мұнымен қазір өздерінің міндетіне кірмесе де, „Охотзоопром“ өндірістік бірлестігі мен „Бөкейорда“ мемлекеттік табиғи резерватының бригадалары айналысуда. Оның үстіне оларда ветеринар мамандар, өлген киікті сойып, зертханалық тексеру жүргізуге патологиялық материал алатын қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметі жабайы жануарлармен жұмыс өз қызмет аясына кірмейтінін алға тартып, бұдан сырт айналады», дейді Ғ.Әбсатиров. 

Киік мүйізін пайдаға асыра аламыз ба?

Профессордың пікірінше, киік өлекселерінің жылдан-жылға өсіп отырғанын айтпай кетуге тағы болмайды. 

Өлген киіктің мүйіздерін тиімді пайдалану мәселесі шешуді қажет етеді. Қазіргі таңда киікті қорғауға қатысты барлық құрылымдар («Охотзоопром», «Бөкейорда» резерваты) ҚР ҚК 339-бабына (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) ілігіп кетеміз бе деп тайсалады.

Сонымен қатар өлген киіктің мүйізін жинаған жағдайда тұрғындар да миллиондаған теңге айыппұл арқалап, бірнеше жылға бас бостандығынан айырылады.

Киік санын реттеуге байланысты жұмыс тобы мүшелерінің мәліметіне қарағанда, бұдан құқық бұзушылардың отбасылары зардап шегеді. Бір ғана Жаңақала ауданында 54 бала осы себептен әкесіз тәрбиеленуде. 

«Жинап алынған киіктің, соның ішінде текелерінің өлекселері мал молаларында өртеледі. Біздің ойымызша, бағалы табиғат байлығын бұлайша жою — өте-мөте ысырапшылдық. Түптеп келгенде, заң шығарушыларға ҚР ҚК 339-бабын қайта қарайтын уақыт келді. Мүйізді жинау мен сақтауды тиісінше ұйымдастыру қажет. Мүйіз жинағандарға сыйақы қарастырып, ал мүйізді өткізуден түскен қаржыны киік мекендейтін аумақтарда отырған тұрғындар мен фермерлердің мәселелерін шешуге бағыттауға болады. Сондай-ақ „Охотзоопром“, „Бөкейорда“ бригадаларын штаттағы ветеринар мамандармен қамтамасыз етіп, олардың өлекселерді патологиялық ашу, мүйізді жинау жұмыстарын тиісті құжаттармен жүргізуіне өкілеттілік беру керек», деді Ғ.Әбсатиров.

Жәнібек ауданында тұратын фермер Бауыржан Сабанов жабайы жануарлардың егістік, шабындық және жайылым жерлерін отауына байланысты есептеу әдістемесі жасалмағандықтан өтемақы қарастырылмағанын жеткізді.

Ол ҚР ҚК 339-бабын қайта қарап, киік өлекселерін жинауды дұрыс жолға қою керек деп есептейді. 

«Жыл сайын 400 мыңдай киік текесі өледі. Табиғаты солай. Бірақ киік мүйізін пайдаға асырумен ешкім айналыспайды. Киік мүйізі екі жылға дейін сақталады. Алдағы жылы Батыс Қазақстан облысында киік саны шамамен 8 миллионға жетуі ықтимал. Сондықтан алдымен киік отап кеткен жерді есептеу әдістемесін жасап, зардап шеккендерге өтемақы төлеу керек. Екіншіден, фермерлерге жерін қоршау үшін 80 пайызға дейін субсидия бөлген жөн. Соның есесі ретінде фермерлерден өз жерінде шөп егуді талап еткен абзал. Үшіншіден, киік санын аулау есебінен реттеу мүмкіндігі болса, ауылдарда сою және тоңазытқыш цехтарын ашу қажет. Төртіншіден, өлген киік мүйіздерін жергілікті жерде жинайтын орындар ашып, оны сақтау мен өңдеуді Алматыда емес, облыста қолға алған жөн. Бесіншіден, киікті ұстайтын питомник ашуға дайын инвестор тапса, артық болмайды. Мұндай мысалдар бар. Бұл киікті сақтау ғана емес, оның экономикалық тиімділігін арттыруға септесер еді. Жұмыс орындары ашылып, ет пен тері, сүйектерін өңдеуге мүмкіндік туар еді. Бұл үшін өткізу тетіктерін табу керек болады», деді Б.Сабанов.

Өңірдегі киік саны 500-550 мыңнан аспауы керек

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлімдеуінше, өңірде киіктер негізінен Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала және Ақжайық аудандарын мекендейді.

Инспекция мәліметі бойынша киік саны тұрақты түрде өсіп келеді. Мысалы, 2018 жылы — 135 мың, 2019 жылы — 217 мың, 2021 жылы — 545 мың, 2022 жылы — 801 мың, 2023 жылы — 1 млн 130 мың, 2024 жылы — 1 млн 620 мың бас киік санаққа іліккен. Биылғы төлді қосқанда, киіктің саны шамамен 2 млн 300 мың басқа жетіп отыр.

Соңғы жылдардағы талдауға қарағанда, күзгі-қысқы мезгілде, әсіресе, қар көп түскен уақытта киіктердің басым бөлігі Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандары аумағында және Атырау облысында тіршілік етеді. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Астрахан облысына қоныс аударады.

«Киік санының көбеюі облыс аумағында бірқатар проблемалық мәселелерді туындатып отыр. Өйткені киіктер көші-қонының нақты шекаралары жоқ болғандықтан, олардың үй малдарымен бірге жайылып, суды да бірге ішуі жиілеген. Батыс Қазақстан облысы ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша киіктердің біздің өңірдегі оптималдық саны 500-550 мың бастан ауыспауы керек. Жер тапшылығына байланысты үй жануарларымен бірге жүретін киіктің көбеюі бір-бірінен ауру жұқтыру қаупін ұлғайтады. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының шабындық, жайылымдарына және егістік алқаптарына үлкен залал келтіруде», дейді Н.Рахымжанов. 

Инспекция басшысы табиғи жолмен өлген киіктер саны да көбейіп отырғанын, бірақ оларды жою бағытында нақты нормативтік-құқықтық актілер жоқтығын атап өтті.

Сондықтан облыс әкімшілігімен «Жабайы жануарлардың өлімі анықталған кезде, сондай-ақ олардың өлекселерін жоюға мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 2022-2024 жылдарға арналған өзара іс-қимыл схемасы» жасақталған болатын. 

Бұл схема бойынша киіктердің өлекселері табылған кезде «Охотзоопром» инспекторы, учаскелік инспектор және ветеринарлық дәрігер үш жақты акт жасақтайды. Содан кейін тиісті округ әкімдігінің көмегімен мал моласына апарылып, жойылады.

Алайда мал молалары өлексеге толып қалғандықтан, бұл мәселе бойынша да жергілікті тұрғындар өз наразылықтарын білдіруде. Мысалы, 2022 жылы — 390, 2023 жылы 1 336 өлексе жойылса, биыл 5 719-ға жеткен. 

«Бұл жайт ескеріліп, киіктер көп мекендеген аудандарда стационарлық инсинераторлар орнату үшін қажетті қаржы бөлінді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде өлген киіктердің өлекселері табылып жатқаны туралы бейне-фотоматериалдар жиі таралуда. Дегенмен киіктердің өлекселері әр жерде жатқаны анықталып отыр, яғни олардың жаппай өлімі тіркелген жоқ. Биылғы тамыз-қыркүйек айларында „Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы“ РМК-ның мамандары Батыс Қазақстан облысы аумағында эпизоотиялық мониторинг жұмыстарын жүргізді. Соның аясында алынған 4 сынама адам мен жан-жануарларға аса қауіпті 9 індетке (ұсақ күйістілер обасы, пастереллез, листериоз, аусыл, туберкулез, бруцеллез, каприпокс тұқымдас індеттері, құтырма, сібір жарасы), зерттеліп, теріс нәтиже көрсетті. Дегенмен киіктің саны оптималды санынан бірнеше есе өсуіне байланысты жұқпалы аурулардың таралуы әбден мүмкін екенін ескеруіміз қажет», дейді Н.Рахымжанов.

Оның сөзіне қарағанда, киіктерді қорғау жөніндегі іс-шараларға «Охотзоопром» мекемесінің 49 инспекторы, 35 автомото және қаршана техникалары, 9 мобильді топ жұмылдырылған. Биылдан бастап инспекторлар шаруалардың егістік жерлерін қорғауға тартылғандықтан, бұл күш аздық етуде.

Сол себепті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен «Охотзоопром» мекемесіндегі штат санын 112 адамға дейін ұлғайту және қосымша материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарада экодәліздер жасау жобасы жүзеге асса, киіктердің бір бөлігі көрші елге асып, облысқа түсетін салмақ жеңілдейді.

Бөкейордалық және жәнібектік шаруалардың хабарлауынша, қазіргі таңда киіктер Батыс Қазақстан ғана емес, көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық, Сүйіндік ауылдық округтерін жайлап, әрі қарай Астрахан өңіріне асуда.

«Кезінде облыстық мәслихат депутаты ретінде 2016 жылдан бастап киік мәселесін көтердім. Сенат төрағасымен, Мәжіліс депутаттарымен, Ауыл шаруашылығы, Экология министрлерімен кездесіп, жазып та бердім. Әлі шешілген жоқ. Киік саны 3 миллионнан асты, қазір алды Құрманғазы ауданында болса, соңы Жәнібекте, Ақоба ауылдық округінде жатыр. Бұл жануар осылай өсе береді немесе табиғат өзі реттейді. Биыл жайылым нашар. Қар жауып, мұз қатқан соң жұт болып, тебіне алмай, жылқы қырылады, киік те өледі. Ауыл тұрғындары ешкімге пайдасы жоқ өлген киіктің мүйізін жинайды, сосын сотталады. Осыны біле отырып, Үкімет заңды түрде неге рұқсат бермейді? Бұрын дайындау мекемелері болды ғой. Сондай мекеме ашып, мүйізді қабылдап, кейін одан дәрі өндіріп, экспортқа шығарса, түскен қаржыны қорға аударып, осындай қиын жағдайда шаруа қожалықтарына жем-шөп алуға жәрдемдессе, әлдеқайда тиімді болар еді. Тағы бір айтатын жайт, киік әуе санағы арқылы дұрыс жүргізілмейді. Өйткені тікұшақ Хаки сорының арғы бетіне ұша алмайды, онда жер ресейлік әскери полигонға берілген. Оның үстіне Ресейге шекара арқылы өтіп кеткен киік тағы саналмайды», дейді Жәнібек ауданында тұратын «Әлем» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Елемесов.

Киіктен келген залалды қалай өтеуге болады?

«Охотзоопром „ӨБ“ РМҚК Батыс өңірлік филиалы қызметкерлерінің хабарлауынша, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының 2024 жылғы 17 мамырдағы № 1-6/51 бұйрығына сәйкес „БҚО бойынша екпе шөп пен егістік алқаптарына киіктен келетін зардаптың алдын алуға қатысты шаруа қожалықтарына көмек көрсету жөніндегі жедел штабы“ құрылып, жұмыс атқаруда.

Былтырдан бар және биыл ашылған WhatsApp желісіндегі чаттар инспекторлық құрамға шаруа қожалықтарына көмек көрсету үшін жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. 

Жергілікті инспекторлар құрамының күші жеткіліксіз болғандықтан, өзге өңірлерден топтар көмекке келген.

«Охотзоопром „ӨБ“ РМҚК Батыс өңірлік филиалының мәліметі бойынша биыл егістік және жайылымдық алқаптарға киіктер кіріп кетуінің 26 дерегі (соның ішінде Жәнібек пен Тасқала ауданында — он-оннан) тіркелді. 

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, өткен жылы киіктер отап кеткен жерлер бойынша аудандардан ақпарат алынған.

Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болады
Фото: Polisia.kz

«Шығындарды төлеу бойынша қолданыста әзірге ешқандай әдістеме болмағандықтан және өтемақы қарастырылмағандықтан, биыл ондай мәлімет жинаған жоқпыз. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігімен өтемақы төлеу қағидасы мен әдістемесі жасақталуда. Шаруалар жерін қоршауға субсидия төлеу мәселесіне келсек, электр бақташы бойынша субсидия төлеу қағидасы бар. Алайда электр бақташымен қоршауды киіктер бұзып өтетіндіктен, ол тиімді болмады. Сол себепті Казталов пен Бөкей ордасы ауданында фермерлер киіктер өте алмайтын шарнирлі сеткамен қоршауды қолға алды. Осы тәжірибені вице-министрлер келгенде, көрсеттік. Қазіргі кезде министрлік тарапынан инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидасына осы қоршауға байланысты өзгерісті енгізу жұмыстары жүргізілуде. Министрлік жобасына сәйкес қағида бекітілгеннен кейін киіктер мекендейтін аумақтарда жерін осындай сеткамен қоршаған шаруаларға 50 пайыз көлемінде субсидия төленетін болады», деді Ж.Халиуллин. 

«Бөкейорда» резерваты немен айналысады?

Үкіметтің 2022 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды.

Резерват басшысы Ұлан Мамырбаев келтірген деректерге қарағанда, 343 040,1 гектарды алып жатқан «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және Жаңақала ауданының жерлерін қамтиды. Соның ішінде қорық аймағы — 181 758 га, буферлік аймақ — 161 282 га, күзет аймағы — 124 381 га. 

Оған қоса «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы (314 504,1 га) Казталов (Қошанкөл және Қараоба) және Жәнібек (Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Ақоба ауылдық округтері) ауданында орналасқан. 

Батыс Қазақстанда киік мәселесін қалай шешуге болады
Фото: Охотзоопром Батыс Қазақстан филиалы

Ұ.Мамырбаевтың мәлімдеуінше, ақбөкендерді сақтау мен қорғау — резерват мақсатының бірі ғана. Өйткені киіктен басқа резерват аумағында «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстар, сирек кездесетін өсімдіктер бар.

Резерват қызметкерлері жануарлар мен құстарды, өсімдіктерді зерттеу, есепке алу жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, биылғы ақпанда жануарларды қыстық есепке алу кезінде 2023 жылмен салыстырғанда, олардың түрі көбейіп, саны артқаны байқалды. Бұл — жануарлар үшін резерват аумағы қолайлы екендігінің бір дәлелі. 

«Ақбөкендер төлдеу, шағылысу кезінде резерват аумағында болады. Сонымен қатар киіктердің қалыптасқан байырғы көші-қон жолын жабу мүмкін емес. Өйткені резерват аумағы қоршалмаған. Резерват өз тарапынан шаруалардың жеріне киіктерді түсірмеу үшін оларды айдайды және аумақты үнемі бақылап отырады. Тағы бір айта кететін жайт, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісе отырып, „Бөкейорда“ мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-нің 2023-2027 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес резерват пен «Ащыөзек» қаумалында өсімдіктер флорасы мен оларды түгендеу, фаунасы мен жануарлар әлемін түгендеу, киіктің экологиясы мен таралуын зерттеу бағытында үш ғылыми тақырып бойынша жұмыстар жүргізілуде», деді Ұ.Мамырбаев. 

Министрлік мәліметі қандай?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінен алынған мәліметке қарағанда, кешенді мемлекеттік қорғау шаралары нәтижесінде киік саны 2003 жылғы 21 мыңнан 2024 жылы 2,8 миллионға дейін жетті. Киік төлдеместен бұрын жүргізілген көктемгі санақ бойынша Қазақстандағы ақбөкен 2 млн 813,6 мың бас болып, еліміздің кеңес дәуірі кезіндегі ең көп санынан (1,2 млн) асып түсті. 

Биылғы төлді есептегенде, киік 4,1 млн басқа жетсе, соның ішінде 2,3 миллионы — Орал, 1,6 миллионы — Бетпақдала, 92,2 мыңы – Үстірт популяциясына тиесілі. 

2006 жылдан бері Қазақстан Үкіметі киік мекендейтін жерлерде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды 5 млн 081,485 мың гектарға дейін кеңейтті. Соның ішінде Бетпақдала популяциясын сақтау үшін «Ырғыз-Торғай», «Алтын дала», Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваттары құрылды. 

Қазіргі таңда әлемдегі киіктің 98 пайыздан астамы Қазақстанды мекендейді.

«Биылғы 16 тамызда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігінің өкілдерімен Батыс Қазақстан облысында кездесуі болып, онда киіктердің көршілес елдің аумағына кедергісіз өтуі үшін экодәлізді кеңейту мәселесі талқыланды.

Онда киіктің өту жолдарын және шоғырлануын анықтау мақсатында бірлескен мониторинг жүргізу және ұсыныс әзірлеу үшін жұмыс тобын құру жөнінде келісімге қол жетті. 18 қазан күні бейнеконференция форматында киіктің трансшекаралық популяциясын сақтау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы мәжілісі өткізілді. Онда ақбөкен санын бірлесіп зерттеу мен мониторинг жүргізу, жануардың мемлекеттік шекарадан бақылаумен, кедергісіз және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, Қазақстан мен Ресейдің көршілес аймақтарының ауыл шаруашылығына киік келтіретін шығын мен оны болдырмау, СИТЕС конвенциясы аясында киік популяциясын сақтау бағытында бірлескен іс-қимыл мәселелері қаралды. Қазіргі таңда жұмыс тобы жиналысының хаттама жобасы тараптармен мақұлданып, қол қою қарсаңында», деп хабарлады ведомстводан.

Министрлік алынған шараларға қарамастан, киік санының бақылаусыз өсуі жайылым мен су тапшылығын туындатып, ауыл шаруашылығы жерлерін отау деректері бар екендігін жоққа шығармайды. Сонымен қатар бұл жұқпалы індеттің өршуіне соқтыруы мүмкін.

Мысалы, 2015 жылы Бетпақдала популяциясының 80 пайызға дейіні қырылып қалды. Бұдан ауыл шаруашылығы малдарының жаппай ауру жұқтырып, шығынға ұшырауы ықтимал.

Өңірлерде фермерлерге көмектесу мақсатында жедел штабтар құрылып, ауыл шаруашылығы жерлерін күзетуге вахталық әдіспен 175 адам, 77 техника жұмылдырылды. Алайда бұл киіктің көбеюіне байланысты жеткіліксіз болып шықты. 

«Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешені субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидасына (ҚР АШМ 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығы) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ауыл шаруашылығы жерлерін шарнирлі сеткамен қоршау құнын арзандатуға қатысты бұйрық жобасын әзірледі. Қазіргі кезде жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде», делінген Экология министрлігінің ақпаратында.

Мәжіліс депутаты не дейді?

Батыс Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева киік саны соңғы жылдары елімізде бірнеше есе өскенін нықтады. Бұл осы жануар түрінің популяциясын қолдау және сақтау жөніндегі мемлекеттік шаралардың арқасында мүмкін болды, өйткені ақбөкен осал жануар саналады.

«Киікті жою мен оның дериваттарын пайдаланудың жолын кесу мақсатында 2019 жылы Қылмыстық кодекске киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау сияқты қылмыстар үшін жеке жауапкершілік енгізілді. Он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылды. Сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін сақтаудың жалпы тәсілдерін белгілейтін „Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы“ арнайы заң бар. Сондықтан, заң деңгейінде жаңа өзгерістер қажет емес деп санаймын», дейді Мәжіліс депутаты.

Оның пікірінше, жануарлардың көбеюі ауыл шаруашылығы үшін проблема туғызып, бұл адаммен екі арада қақтығыстардың пайда болуына әкеліп отыр. Сондықтан уәкілетті органдар бұл қақтығысты шешуге тырысуы керек. Ғылымда мұндай мәселені реттеудің көптеген жолдары бар.

Мысалы, өрiс аудару жолдарын құру, мекендейтiн ортасын қадағалау, аулау және реттелетін ату арқылы олардың санын бақылау сияқты түрлі әдістер бар. Бірақ барлық шаралар ғылыми, экологиялық және этикалық тұрғыдан негізделуі керек.

Киікке қатысты осы шаралардың барлығы заңдарға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Бұл тәсілдерді жануарларды басқару ережесі мен бұйрықтарында реттеуге болады.

«Екінші мәселе, фермерлердің шығындарын өтеу дұрыс деп санаймын. Бірақ сонымен бірге шабындық пен егін егу үшін жер беру тәсілдерін қайта қарау жөн. Тарихи өріс аудару жолдары болған және киік мекендейтін жерлерді ауыл шаруашылығына пайдалануға болмайды. Бұл жануарлар мен фермерлер арасында үнемі қақтығыс тудырады. Мұндай қақтығыстың салдарынан фермерлердің шығындарын үнемі өтеп тұру жақсы идея емес. Менің білуімше, қазіргі уақытта уәкілетті органдар фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерін киіктен қорғау үшін қаражат бөлу шараларын әзірлеп жатыр», деді С. Имашева.

Міне, осылайша қозғалған мәселе төңірегінде басшы-мамандар, шаруалар, Мәжіліс депутаты өз пікір-пайымдарымен бөлісті. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметін келтірдік. Бұдан киікке байланысты қордаланған мәселелердің бірқатары бойынша шешімдер қолға алынып жатқаны байқалады. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<