Бауырластық баяны

124

0

Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланғаны белгілі. Өткен жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан елінің президенті Ш.Мирзияевтің  кездесуінде бауырлас халықтардың байланысын дамыта түсу мақсатында осындай шешім қабылдаған болатын. Осы орайда, елімізде жыл бойына түрлі шаралар жүзеге асып келді. Сондай шараның бірі «Достық үйінде» «Достық – баға жетпес байлық» деген атпен аталып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенді мүшелері, облыстық ҚХА құрылымдары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері қатысты.
Салтанатты шара өзбек хал­қының ұлттық нақышын айқын­дайтын түрлі бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің туындыларын, ұлттық тағамдарын паш еткен көрмеден бастау алды. Мұнан соң екі елдің достығы, мәдени-әдеби байланысы, қос ұлттың ортақ құндылықтары, Сыр еліндегі этно-мәдени бірлестіктің бүгінгі жұмысы жайындағы бейнеролик көрсетілді. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қазақ пен өзбек халқының бауырластығының тамыры тереңде жатқандығын  сөз етті.
– Өздеріңіз білетіндей, биыл Өзбекстан Республикасының Қа­зақ­с­тандағы жылы жарияланып, екі мемлекеттің арасында сонау ғасырлардан бері  келе жат­қан терең тарихи достығымыз нығая түсуде. Қазақ пен өзбек түбі бір туысқан халықтар. Қос елдің арасындағы қарым-қа­ты­нас достыққа, бауырластыққа негіз­делген. Елбасының бастамасымен тәуелсіздік алғаннан бері өзбек хал­қымен тығыз стратегиялық қарым-қатынас орнады.
Тағы бір маңызды жайт, Қазақстан мен Өзбекстанда тәуел­сіздік алған сәттен бастап ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға айрықша мән беріліп келеді. Екі мемлекетте де тарихи һәм мәдени құндылықтары қайта жаңғыртылып, қос елде де ұлт­тардың төл мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, дамытуға тиісті жағдайлар жасалған. Осы тұста қазақ халқының тарихи тұлғалары Төле би мен Әйтеке бидің этномемориалдық кешендерінің Өзбекстан аумағында тұрғандығының да тарихи мәні зор екендігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Науаи облысында «Әйтеке би» этномемориалдық кешенінің ашылуы, 2013 жылы Ташкентте Абай ескерткішінің орнатылуы, оған қоса биыл Өзбекстан Президентінің «Абай мұраларын оқу және оны насихаттау» туралы жарлыққа қол қоюы, екі ел арасындағы мәдени, рухани байланыстың берік екендігін көрсетеді. Бүгінде туыс елдердің тұтастығы тұрақты, бірлігі бекем, – деді Р.Рүстемов.
Шара барысында ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуда сүбелі үлесін қосып жүрген бірқатар жерлестеріміз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Смарт и К» ЖШС технологі Замира Абдугаппарова, жеке кәсіпкерлер Мархамат Дадашева, Расул Искаков, Бабур Байышев, «Квант» ЖШС директоры Әлімжан Шайымқұловтар бар.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз