Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды.
Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған.
Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.
Бұдан кейін қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Президент Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөзге дейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.
– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.
Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.
Екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.
– Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан да бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.
Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Қырғыз Республикасының VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Аскар Салымбеков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
– Саяси, экономикалық, мәдени байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да күшейе түсті. Осы орайлы сәтте мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Кыдыршаевич Ташиевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіз қауіпсіздік саласындағы екіжақты әріптестікті тереңдетуге зор үлес қосып жатырсыз, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында атқарған табанды еңбегіңіз жоғары бағаға лайық. Бүгінгі шара – жай ғана марапаттау рәсімі емес. Бұл – Қазақстанның Қырғыз халқына деген зор ризашылығы мен құрметінің белгісі. Сондықтан, бұл күн мәңгі бауырластық пен тату көршіліктің жарқын үлгісі ретінде қазақ-қырғыз қатынасының жылнамасына алтын әріппен жазылады деп ойлаймын. Сіздер Қырғызстанның көркеюіне, сондай-ақ, екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.






