Жаңақорғандық Еркінбай Шідербаев макарон өнімін шығарады. Цех жыл басында іске қосылып, алғашқы өнімін сауда сөрелеріне орналастырды. Өнім атауы – «Baybol».
– Кәсіпкерлік саласына 2000-жылдары келдік. Осы кезге дейін наубайхана ісін дамыттық. «Саудада береке бар» деп бекер айтылмаған. Табысымыз еселенген соң, биыл жаңа кәсіпті бастадық. Әрине, бірден кіріскен жоқпыз. Алдын ала жоспар құрып, жобаны жетілдірдім. Кейін мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 19,5 млн теңгені 4 пайызбен алдық. Қаржыға қажетті құрал-жабдығын түгендедім. Қазір жаныңа керектінің бәрі бар. Тек қаржы болса болғаны, қалғаны қолжетімді. Макарон шығаратын құрылғы алдық. Автоматтандырылған технология, – дейді ол.
Мұнда алғашқы өнім ақпанда 2 тонна көлемінде шығарылған. Келісі 300 теңгеден саудаланған өнім аз уақытта өтіп кеткен. Қазір 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Кәсіпкер істі бастамас бұрын Алматы қаласынан арнайы технолог маман шақыртыпты. Осылайша, өнімнің құрамын, жасалу жолын үйреніп, тәжірибе жинайды. Қазір цехта сағатына 150-200 келі макарон шығарылады. Пішініне қарай бірнеше түрі дайындалады. Оның тағы бір жоспары бар. Кәсібі алға жылжып жатса, өзге де өңірлерге шығарып көрмек. Онда жұмыс күшінің де артатыны сөзсіз.
– Өнімді мол шығаруға мүмкіндік бар. Тек кептіргіш құрылғысы аз болып тұр. Шыққан макарон уақытында кеуіп үлгеруі тиіс. Осы мәселенің шешімін табу үшін тағы да төменгі пайызбен несие алуды көздеп отырмын, – дейді ол.
Қазір кәсіп бастаймын дегенге жеңілдік бар. Алдымен оқытады, сосын қолыңа сертификат береді. Одан кейін көздеген жобаңды жасап, қорғап шығасың. Бастаған ісіңді дөңгеленту үшін қайтарымсыз грант та қарастырылған. Дамыту үшін жеңілдетілген несиеге де үміт артуға болады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





