Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория салу қолға алынбақ

277

0

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ж.Әлиев мәлімдеді.
«Ауылда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері аясында дәрігерлік амбулатория салу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы үстіміздегі жылы тендер өткізуде. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған жағдайда келісім-шарт негізінде тиісті жұмыстар бастау алатын болады» – деді ауыл әкімі.
Ауыл әкімі бұдан бөлек ауыл тұрғындарының бірлігі негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Оның бірі, ауыл азаматы М.Бақбергеновтың өз қаражаты есебінен ауылдағы М.Маметова, А.Құнанбаев көшелерінің тұрғындарына 1 дана трансформатор сатып алып беру арқылы электр тоқ күшін жеткізу жұмыстары жүргізілсе, демеушілер тарапынан баспана беру мүмкіндігі қолға алынып, 4 отбасы баспана қуанышына қол жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке 150 орындық Мәдениет үйі салынуда. Желтоқсан айының аяғына құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Айта кету керек, 2018-2019 жылдар көлемінде Ақжарма ауылдық округінде кәсіпкерлік нысандар саны 111-ге жетіп, жалпы есеппен 255 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары ұсынған 16 жоба қолдау тапты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<