Бағыты айқын білім ордасы

369

0

Бағыты айқын білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында қаланың мектеп бітірушілеріне арналған ашық есік күні өтті. Оқушылар аймақтағы басты білім ордасы ұсынатын мүмкіндіктермен, студенттердің креативті жобаларымен танысты. Шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, ғалымдар, оқытушылар, қала мектептерінің бітіруші түлектері қатысты.

Әлемнің жылдам өзгеретіні айқын. Айталық, үшінші өнеркәсіптік революция ғалымдардың үлкен ЭВМ-дер мен жеке компьютерлерді ойлап табуымен ерекшеленді. Ал төртінші өнеркәсіптік революция цифрлық қоғамды қалыптастырып отыр.  Біздің ел осы өзгерістерге дайын ба? Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов шара барысында болашақ маман, университет түлектеріне осы жауапкершілік жүктелетінін айтты.

– Қазіргі таңда әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, ауқымды мәліметтермен алмасу, онлайн сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді ииновациялық салалар жедел дамуда. Сондықтан мемлекетіміздің даму талабына сәйкес білім жүйесі де жаңашылдықты қажет етеді. Бұл жауапкершілік ең алдымен осы салаларды жетік меңгерген болашақтың мамандарына, жастарға жүктелері анық, − деді ол. Сөз соңында оқу орнының білімді маман қалыптастыруда үлкен тәжірибесі бар екенін жеткізді.

Расымен, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, интеллектуалды ұлт қалыптастыруда университеттердің маңызы зор. Бұл ретте сексен жылдық тарихы бар Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің жетістіктері елеулі. Университет 2017 жылы Қазақстанның үздік ЖОО-дары рейтингі қорытындысы бойынша 9-орыннан көрінсе, 2018 жылы Еуропа және Орта Азия елдері университеттерінің 2900-ден астам ЖОО-дары арасында Үздік 300 университет тобынан көрінді. Сонымен қатар, оқу орны Еуразиялық экономикалық одақтың «Признание» халықаралық сыйлығының иегері.

– Бұл жетістіктер университет ұжымының сараланған бағдарламаларының, сындарлы қадамдарының лайықты нәтижесі. Бүгінде университетті инновациялық технологиялар мен жаңа басқару қағидалары негізінде мамандар даярлайтын инновациялық-кәсіпкерлік типтегі жоғары оқу орнына айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2012 жылдың 20 наурызында тұңғыш рет 9 мамандық бойынша PhD докторантура ашылды. 2012-2017 жылдары университет ғалымдары 80-ге жуық патент алды, 15 ұстаз-ғалым «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды, − деді университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы.

Қазір университет 62 бакалавриат, 30 магистратура, 9 PhD докторантура мамандықтары бойынша маман даярлайды. Ресей Федерациясының Мәскеу, Қазан, Орынбор қалаларының жоғары оқу орындарымен келісім жасалған. Бір ғана Қазан қаласының жоғары оқу орындарына 2013 жылдан бері 58 жас маман оқуға жіберілді. 2013 жылдан бастап аймақ басшысы өңірдің білім, мұнай газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы секілді салаларын қажетті мамандармен қамтамасыз ету және жастарды қолдау мақсатында әкім грантын бөлгені белгілі. Бүгінгі күні университетте 428 студент облыс әкімінің гранты бойынша білім алады.

Бұл күні университеттің әр түрлі салада қарқынды еңбек етіп, елге танылған түлектеріне «Үздік түлек» төсбелгісі табысталды. Шара соңы студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<