Астанада өткен баспасөз конференциясында дәстүрлі «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің өтетін, өтпейтініне байланысты журналистің сауалына жауап берген Бекболат Тілеухан атбегілерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне қатысты айтар болсам, «Ақ жол» партиясы үлкен жарыс өткізетін болып, оған ақша бөлініп, соған қарай ойысамыз деп отырғанда, түрлі себептерге байланысты ол өтпейтін болып қалды. Оған бөлінген қаржыны «Алтын тұлпарға» бейімдейміз дегенде, мемлекеттік сатып алулардан кедергі болып, сонымен, қаражаттың орынды жоспарлан бауының кесірінен «Алтын тұлпар» биылғы жылы болмайтын болды» – деді Бекболат Тілеухан.
Оның айтуына қарағанда «Алтын тұлпар» аламаны екі жылда бір рет өтіп тұратын болады.
«Кейбір атбегілеріміздің тарапынан екі жылда бір рет өтіп тұрса деген ұсыныстар да болды. Сондықтан келесі жылы аманшылық болса, өтетіні анық. Ал биылдыққа жағдай осындай болды» – дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.
Осы орайда, жыл бойы «Алтын тұлпарға» арнап ат баптап, онысын басқа бәйгелерге салмай, аламанды күткен атбегілердің еңбегі, аттың обалы не болады деген заңды сұрақ туындады.
«Бұл жағдайға шынымен кешірім сұраймын! Кейде діттеген мақсатыңа мүмкіндігің сәйкес келмей қалады. Жасыратыны жоқ, мен де «Алтын тұлпарға» бір ат дайындап отыр едім. Аламанға ат дайындаған адамның бәрі екінші орын алам деп баптамайды, елу ат қосса, елуі де бірінші орыннан дәмелі болады ғой. Енді осы бір қолымыздан келмей қалған дүниеге байланысты атбегі бауырларымнан кешірім сұраймын!» – деді Бекболат Тілеухан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<