Англияның «Челси» және «Ливерпуль» клубтарында ойнаған нигериялық Виктор Мозесті қызылордалық «Қайсар» командасының футболшысы ретінде таныстыру рәсімі өтті.
Алдымен баспасөз мәслихаты өтсе, одан кейін жаңа ойыншы жанкүйерлерге таныстырылды.
Виктор Мозес 1990 жылы Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келген. Англияның «Кристал Пэлас» командасының түлегі алдымен сол клубта 2007 жылы мансабын бастап, одан кейін «Уиган Атлетик», «Челси», «Ливерпуль», «Сток сити», «Вест Хэм Юнайтед», «Лутон Таун», Түркияның «Фенербахче», Италияның «Интер», Ресейдің «Спартак» клубтарында доп тепкен. 2012-2018 жылдары Нигерия ұлттық құрамасының намысын қорғады.
– Маған ұсыныспен шыққан командалар аз болған жоқ. Әрине, әрбір футболшы өзіне қолайлы нұсқаны қалайды. Мен «Қайсар» өкілдеріне жолыққан сәтте команданың алға қойған мақсаты жөнінде білдім. Қызылорда қаласында былтыр жаңа стадион пайдалануға берілгенін естідім. Оған қоса биыл алдына жоғары мақсат қойып отыр екен. Бұл жобалар мені қызықтырды. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін өз үлесімді қосуға шешім қабылдадым. Оған еш өкінген емеспін. Осылайша маған жаңа мүмкіндікке жол ашылды. Командамен бірге үлкен жетістікке жетейін деген ойдамын. Алдағы уақытта «Қайсардың» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барамын. Онда футболшылармен танысып, тәжірибемді арттыра түсемін, – деді Виктор Мозес.
Биыл команда алдында жүлделі орындардың біріне ілігу және Қазақстан кубогына қол созу міндеті тұр. Сондықтан олар алдымен бас бапкерді ауыстырды. Бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтов келді.
Команда басшылығы өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдин, қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев пен Әділет Кеңесбек, жартылай қорғаушы Айбол Әбікен мен Думан Нәрзілдаев, шабуылшы Нұрдәулет Ағзамбаевпен келісімшарт мерзімін ұзартты. Сондай-ақ команда құрамына шетелден жаңадан қақпашы Адам Ковач (Словакия), қорғаушы Никола Цуцкич (Сербия), шабуылшы Томас Джонс (Чили) келді. Оған қоса қазақстандық қорғаушы Нияз Ыдырысов, жартылай қорғаушы Сағи Совет, шабуылшы Алияр Мұхамед, алдағы маусымда қызылордалық клуб сапында ойын көрсетеді.
Айта кетсек, команда сапынан Ілияс Әмірсейтов, Бекзат Құрманбекұлы, Әліби Тұзақбаев, Елжас Алтынбеков және Қуаныш Қалмұратов, Александр Мокин, Ерсұлтан Төреқұл, Марлен Айманов, Дидар Жалмұқан және Карам Сұлтанов кетті.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





