Белсенді азаматтар марапатталды

3

0

Фото: Облыс әкімдігі

«Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтарға, құқық қорғау органдарының, басқармалардың басшыларына, қала, аудан әкімдеріне Президенттің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстады.

– Жақында ғана Елордада өткен салтанатты шарада Президентіміз Конституциялық рефор­ма жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, Ата Заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген Жалпы­ұлттық коалиция мүшелері мен азаматтарға алғысын білдірді.

Тарихи маңызды шарада еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғалар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың арасында сырбойылық жерлестеріміз бар екенін зор мақтанышпен атап өтуіміз қажет.

Бүгін міне, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан жерлестерімізге Президентіміздің Алғыс хаты мен «Барыс» төсбелгісін табыстаудамыз.

Бұл – Мемлекет басшысының Сыр өңірі халқына ыстық ықыласы, жерлестеріміздің еңбек­қорлығы мен ұйымшылдығына берген лайықты бағасы. Ерекше қолдау бізді жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауап­кершілік жүктейді.

Ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңін­дегі референдумды өткізуге белсене қатыс­қандарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін.

Егемен еліміздің жарқын болашағы жолын­дағы істеріміз табысты болсын! Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Наурызбай Сейтқалиұлы сөз сөйледі.

Еске салайық, 15 наурыз күні ел азаматтары жаңа Конституцияға арналған референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады. Ақордада өткен салтанатты жиында Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата Заңға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Халықтық Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Енді жыл сайын 15 наурызда Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде атап өтіледі.