Белсенді азаматтарға марапаттар табысталды

7

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында бірқатар белсенділер Мемлекет басшысының Алғыс хатымен және облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, жалпыұлттық коалиция жетекшісінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жиын барысында аудан әкімі референдумның ел өміріндегі маңызына ерекше тоқталып, бұл тарихи кезеңде белсенділік танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Мемлекет басшысы қасиетті Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысында еліміздегі бұған дейінгі саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық жаңғыруға қатысты бастамаларын жария еткен болатын. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі. Осы арқылы Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциялық моделі қалыптасуда. Президентіміздің басшылығымен, қоғамның белсенді қолдауымен жазылған жаңа Конституциямыз жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Жаңа Ата Заң жобасы жан-жақты талқыланып, жалпыхалықтық талқыға салу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланды. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Тәуелсіздігіміздің басты нышаны болатын жаңа құжатты қабылдауға жерлестеріміз үлкен жауапкершілікпен атсалысып, Сыр өңірі көш бастады. Аудан халқы әрбір саяси науқандарда ауызбірлік танытып келеді. Республикалық референдумда да бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңіндегі Референдумды өткізуге белсене қатысқандарыңыз үшін баршаңызға аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың шынайы алғысын жеткіземін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Марапаттау іс-шарасында аудандық мәслихат төрағасы, «АМАНАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Б.Өтегенова сөз сөйлеп, марапат иелерін құттықтады.

Айта кетейік, 15 наурыз күні ел азаматтары жаңа Конституцияға арналған референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады. Ақордада өткен салтанатты жиында Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата заңға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Халықтық Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Енді жыл сайын 15 наурызда Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде атап өтіледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі