Бүгін Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: дағдарыс-менеджер феномені» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция аясында алдымен мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Бердібек Сапарбаев» және «Ерен де берен Бердібек» кітаптарының тұсаукесері өтті. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров сөз сөйледі. Жинақтарда қайраткердің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, шынайы адами болмысы, тарихи суреттер мен қанаттас, замандас тұлғалардың естеліктері топтастырылған.
Конференцияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізді. Іс-шараға Бердібек Машбекұлымен бірге қызмет жасаған Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері және осы саланың ардагерлері, Кеден комитеті өкілдері, Қызылорда, Түркістан, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан қонақтар келді. Сонымен қатар ғалымдар, мәдениет өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жастар қатысты.
Конференцияның алғы сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
Мәжіліс Төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қайраткерлік, тұлғалық және адами болмысы туралы естеліктер айтты.
Конференцияда ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья және бірқатар белгілі тұлғалар сөз сөйледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<