Бұл жолғы бағытымыз – Сырдария ауданының «Бесарық» ауылы. Қалаға жақын ауылға тез жеттік. Тақтайдай тегіс жол. Ауылдың келбеті көз тартады, қала іспетті. Әлеуметтік нысандар заман талабына сай бой көтерген. Ауылдың әлеуеті зор, шаруашылығы дамыған, берекесі артқаны байқалады. Абаттандыру, тазалық жұмыстары жүйелі екені көзге көрініп тұр. Біздің нысан – белгілі «Абай-Дәулет» ЖШС. Қазір онда құс шаруашылығы дамып, мал басы көбейген.
Бізді «Абай-Дәулеттің» менеджері Ербол Шатенов қарсы алып, ауыл іргесіндегі шаруашылыққа бет алдық. Алдымен қырғауыл шаруашылығын көрдік. Торда 1000-ға жуық қырғауыл бар. Қораның аумағы әлдеқайда үлкен. Құстар жабайы болғандықтан ба, бізден секем алып, ұша жөнелді. Мекиені мен қоразын ерекшелігінен айыруға болады. Кейбірі бағандарда қонақтап, бақылап тұрғандай. Өте сақ құс. Қызық. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Дала құсын табиғатта жүргендей етіп, айналасын бейімдеген.
– Бұл – жабайы құс. Күтімі де ерекше. Қора ішіне 6 жәшік орнаттық. Оған бидай, күрмек, жүгері сынды дәнді дақылдар салынады. Қорек бір аптаға жетеді. Таза су беріледі. Қырғауыл үй құстарына қарағанда тыныштықты қалайды. Сол себепті су мен жемін бір аптаға жететіндей етіп саламыз. Құстарға жауапты мамандар күнделікті бір мезгіл аралап, бақылайды. Ауа райының қолайсыздығы кезінде қатаң қадағалаймыз. Сондай-ақ торды жыртқыш аңдар тесіп кетпеу үшін күнде бір мезгіл тексереміз. Қырғауыл сәуір айында жұмыртқалай бастайды. Жұмыртқасын жинап, инкубацияға саламыз.
Қазір құс санын көбейтуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта олардың санын 5-6 мыңға жеткізбекпіз. Биыл жазда 2-3 мың басқа көбейтеміз. Бірақ ол жұмыртқаның жиналуына байланысты. Инкубацияға салынған жұмыртқадан 28 күн ішінде балапан шығады, – дейді менеджер.
Бөдене де бизнес
Жауапты маман одан әрі бөдененің мекеніне алып келді. Жұдырықтай құстың бабын ерекше келтіріпті. Жылы әрі жаңа нысанда құсқа барлық жағдай қарастырылған. Автоматтандырылған технология. Ауа темпуратурасы да бақылауда. Шиқылдаған құстың даусынан құлақ тұнады. Шаруашылықтың бөденені бағып жатқанына биыл үшінші жыл. Бастапқы 1500 бөденені қазір 11 мыңға жеткізіпті.
– Сыр бөденесін ет, жұмыртқа бағытында өсіреміз. Қазір екі түрі бар. Олар гигант және алтын феникс тұқымы. Күніне 3000-4000 жұмыртқа аламыз. Жұмыртқаны қала мен өзіміздің «Сыр дәмі» дүкеніне өткіземіз. Мұнда 8000 бас бөдене өсірілуде. Қызық дерек айтайын, жұмыртқадан шыққан балапан 45 күннен кейін жұмыртқа бере бастайды. Алты айдан кейін ет бағытына жібереміз. Мына технология Қытайдан әкелінді. Ол алты қатардан тұрады. Әр қатарда 600 бөдене орналасқан. Жұмыртқа жылжып алдыңғы бөлікке түседі. Жем-суы да жылжымалы түрде беріліп отырады, – дейді Ербол Шатенов.
Маманның айтуынша құс ауруға төзімді. Уақытылы вакцинасын салып, күтіп-баптаса аса қиындық жоқ екенін жеткізді. Таңғалғанымыз, бір қорада 8000 бөдене бар. Бірақ іші тап-таза. Себебі, құстың саңғырығы арнайы технологияда оңай жиналады. Құс өсірушілер күнде 1 сағатты жұмыртқа жинауға арнайды. Көлемі кішкентай жұмыртқа болғанымен адам денсаулығы үшін пайдасы орасан. Түрлі ауруларға ем.
– Бөдененің жемін Шымкенттен алдырамыз. Осы жердегі құстар күніне 200 келі жем жейді. Өнім мол болу үшін жем-суын уақытылы беріп отырамыз. Мысалы, 5-6 бөдене бір келі болады. Ал келісін 4000 теңгеден, жұмыртқасын 25-30 теңгеден өткіземіз. Өздеріңіз білесіздер, бөдененің сорпасы сан ауруға ем екенін. Сондықтан кәсіпкерлерден тапсырыс көп, – дейді ол.
Серіктестік бөдене санын еселеу үшін тағы қосымша қора салмақ. Бұл жыл аяғына дейін жүзеге асырылады. Сонда бөдене саны да екі есе көбейеді.
Одан әрі тауықтың қалай өсіп, ет бағытына жіберілетініне куә болдық. 3 блокта 4800 бас құс ет бағытында бағылады. Тұқымы коб-500 деп аталады. Бір базада 1600 тауық болса, бірінші бройлерде 1600 балапан өсірілуде. Бәрі де бірдей сары. Қанатын әлсін-әлсін қағады.
– Мынау үш күндік инкубациядан шыққан балапан. Ет бағытындағы тұқым. Олар елу күннен кейін сойылып, сауда сөрелеріне жіберіледі. Арнайы сою алаңы бар. Сонда дайын өнімге айналып, қапталады. Келісін 1500 теңгеден өткіземіз. Жем-суы автоматтандырылған техника арқылы беріледі. Жемі өзіміздің зауыттан шығады. Оның құрамында бидай, арпа, күріш, жүгері бар. Екі бройлер қорада 20 күндік тауықтың 3200 басы бар. Жалпы, балапанды өсіру де оңай емес. Өте нәзік әрі сезімтал болады. Бөлме жылуын, жем-суын уақытылы беріп, дәрумендер мен қажетті вакцинасын салып отырамыз, – дейді Ербол Асанұлы.
Бұдан бөлек, серіктестікте 7 түйеқұс бар. Олар сәуір айынан бастап жұмыртқалайды. Бір жұмыртқаның салмағы 1,5-2 келіге дейін тартады. Тауықтың жұмыртқасынан 20-25 есе дәруменге бай.
– Қорада 2 қораз, 5 мекен бар. Әрқайсысы 500-600 мың теңге тұрады. Түйеқұс Өзбекстаннан 4 жыл бұрын әкелінген. Бастапқы кезде 30-40 басқа дейін барды. Сұранысқа байланысты сатылды. Бір-екі апта бұрын 15 басты Алматы, Шымкент қаласына жібердік. Қалғаны 7 бас. Олардың сәуірде жұмыртқасын жинап, инкубаторға салып, көбейтеміз. Жұмыртқасын «Сыр дәмі» дүкеніне өткіземіз. Түйеқұсқа негізінен жүгері, бидай, күріш, жоңышқа беріледі. Бастысы, бұл құстар жерсінді. Өздеріңіз білесіздер «Абай-Дәулеттің» негізгі шаруашылығы күріш дақылы. Бұл қосалқы шаруашылықтары. Оған құс, мал және жүзім шаруашылығы жатады. Күрішті ақтап, оны халық тұтынса, одан қалған қалдықты да кәдеге жарату үшін осы шаруашылықтарды қолға алдық. Күріш қалдығынан жем тартып, мал мен құсқа береміз. Ал құс саңғырығы мен малдың қиын тыңайтқыш есебінде қолданамыз, – дейді жауапты маман.
Биыл жүзім бағы жеміс береді
Шаруашылықта 5 гектар жерге жүзім егілген. Кәсіпті үш жыл бұрын бастапты. Биыл өнім алмақ ниетте. Ол үшін дайындық жұмыстары басталып кетіпті. Жүзімнің үш сорты егілген. Онда 7 адам еңбек етеді. Қазір бұл алқапта жұмыс қызу.
– Көктемгі дайындық жұмысы жүргізілуде. Жоғары асма тростар тартылып, сыммен тоқылып жатыр. Өйткені жүзім сабағы осы сымдарға оралып өседі. Әзірге жүзімнің түптері жердің астында. Сәуір айының алғашқы он күндігінде ашылады.
Сондай-ақ жерді күтіп-баптау жұмыстары қолға алынды. Негізінен тыңайтқыш табиғи. Жүзімнің де бабы бар. Күзде артық бұтақтары қиып тасталады. Сабағын иіп төмен қаратамыз. Топыраққа көмген кезде сабан саламыз. Бұл жұмыстың өзіне бір жарым ай уақыт кетеді. Үш сорт Өзбекстаннан алынды. Сол жақтан технолог маман келіп, біздің жұмысшыларға бәрін үйретті. Енді жеміс беруіне қарай алдағы уақытта әрекет ететін боламыз, – дейді ол.
Жерге түскен дақыл бейнетпен жеміс береді. Бағбандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек етуде.
Төрт түліктің бабын тапқан
Серіктестіктің төрт түлікке жауапты маманы Нұрсұлтан Әбілдаев мал басы көбейіп келетінін айтты. Кең қора. Қазір мұнда 200 бас түйе бар. Оның 100 басы аналық. Жылына 25-30 бота алынады. Күнделікті сауылған шұбатты ауыл және қала дүкендеріне өткізеді.
– Бақташы күнделікті өріске жайып келеді. Сауыншы сауып, шұбатты арнайы көлікпен дүкенге жеткіземіз. Тұрақты тұтынушылар алады. Түйенің нар тұқымы сүт бағытында ұсталады. Бір күнде екі рет сауылады. Шамамен 50-60 литр шұбат аламыз. Ал жазда үш мегзіл сауамыз, – дейді Нұрсұлтан Әбілдаев.
Осындағы Бекзат Омаров түйе бағады. Оның еңбек еткеніне 6 жыл болыпты. Түйе бағып, техника тізгіндейді.
– Таңғы бестен бастап түйені саууға дайындаймыз. Әр түйе бөлек-бөлек қорада тұрады. Сауыншылар сауып болғаннан кейін боталарына қосамыз. Жем-шөбін беріп, қораны тазалап отырамыз. Жылына бір рет қырқамыз. Көбіне нардың жүні өзі түсіп қалады. Ал бураның да өз бабы бар. Таңертең бөлек қораға қамалып, кешке жіберіледі. Себебі жас боталарға зиян келтіруі мүмкін, – дейді бақташы.
Шаруашылықта түйеден бөлек, 1000 бас қой бар. Гиссар тұқымды қой. Ірі, қылшық жүнді, еті майлы, құйрықты келеді. Салмағы 180 келіге дейін жетеді. Біздің жерге бейім келеді.
Қойды шопан күнделікті өріске шығарады. Көктемде екі отарды Сарысуға, яғни көктеуге көшіреді.
– Наурыз айынан бастап қойларды арнайы орынға көшіреміз. Өйткені бұл жер тиімсіз. Кене көп болады. Ал көктеуде жазық болғандықтан малға ыңғайлы әрі жусанға бай. Сондай-ақ сәуір айынан бастап төлдейді. Шамамен жылына 500 бас қозы аламыз. Қазір екі отар қой бар. Әрқайсысы 500 бастан. Оған екі шопан қарайды. Оларға да жағдай қарастырылған. Көшіруге арнайы техника мен мамандар ұйымдастырылады. Көктеуге көшіп баруға бір апта уақыт кетеді. Жас төлді суық пен аурудан сақтап қалу да үлкен еңбек. Алдағы уақытта ет бағытын қосуды көздеп отырмыз, – дейді жауапты маман.
Төрт түліктің бабын тапқан шаруашылықта қазір 160 бас жылқы бордақылануда. Бұл шаруаға екі адам жауапты. Онда сою алаңы, жабық, ашық қоралар мен жем-шөбін сақтайтын қоймалар бар. Қораның сыйымдылығы 200-300 басқа арналған.
– Жылқы кемі үш ай бордақыланады. Бабына келген кезде сою алаңына жіберіледі. Мәселен, мына қорада тұрған жылқылар етке дайын тұр. Жаңадан келгендерін бөлек, бір-екі ай бордақыланғандарын бөлек ұстаймыз, – дейді жылқышы Бекарыс Әбілда.
Серіктестік атакәсіпті жандандырып, төрт түлік өргізіп, тұтынушыларға таза, табиғи өнім жеткізіп отыр. Қымыз, шұбат, құстың пайдалы жұмыртқасы мен еті сұранысқа ие.
Ірі шаруашылықты аралап жүріп, мынадай ой түйдік. Күріш шаруашылығынан басталған кәсіп бүгінде мал, құс шаруашылықтарымен астасып, қалдықсыз өнім өндіретін үлкен компанияға айналды. Оның артында ізденіс, табанды еңбек пен күш-жігер тұрғаны сөзсіз. Ал осындай еңбек көркі бүгінгі Бесарықтың берекелі келбетін танытады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





