Қызылорда қаласы – таза жерасты суын тұтынып отырған бірден-бір қала. Соңғы бес жылда 544 шақырым су құбыры жаңартылып, қалаішілік су құбырларын ауыстыру 75 процентке орындалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев хабарлады.
– Биылғы жылы осы жұмысты жалғастыру бағытында “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 млрд 584 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 13 жоба бойынша 17,3 шақырым ауызсу және кәрізсу құбырына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы магистральды жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Соңғы 5 жылда бұл бағыттағы жұмыстарға 8 млн-нан астам қаржы жұмсалды. Биыл республикалық бюджеттен 2 млрд 210 млн теңге бөлініп, 8 жоба бойынша 7,433 шақырым жылу құбырларына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
Ауыз судың көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарына көтерілмеуі – қаладағы басты мәселенің бірі. Ескі көпқабатты үйлердегі ішкі құбырлардың көпжылдық қолданыстан тозуы, шойын құбырлардың тат басуы, өжіредегі ашып-жабу ысырмалардың тозуы, ішкі құбырлардың бірінен біріне өтуі барысында диаметрлерінің қысылуы әсерінен су жоғары көтерілмейтін көрінеді. Осыған орай, 38,2 шақырым болатын ескі ауызсу құбырларын ажырату арқылы судың қысымын көтеру жұмыстары қолға алынған.
Қаланың жол құрылысын дамыту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Осы жылдың өзінде 11 көшенің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, 2 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 9 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Сондай-ақ, қала орталығындағы ұзындығы 3,47 шақырым болатын А.Тоқмағанбетов және А.Байтұрсынов көшелеріне инженерлік-коммуникациялық жүйелерін ауыстыру жұмыстары жасалып, қазіргі таңда асфальт төселуде. Бұл жұмыстар маусым айының басында аяқталуы тиіс болатын, бірақ инженерлік-коммуникациялық жүйелерді ауыстыру барысында туындаған қиындықтарға байланысты шілде айының 15-де аяқтау көзделуде. Бұдан бөлек, ұзындығы 16 шақырым болатын Тасбөгет кентіндегі Иіркөл ауылын, Қызылөзек және Қараөзек ауылдық округтерінің кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жалпы қала аумағындағы асфальт қабаттары бұзылған 51 көшеге ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын соңында қаланың инженерлік құрылымдарына байланысты БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сауалдар жолданып, тұшымды жауаптар алынды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<