Биыл жеңіл өнеркәсіп саласында 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов айтып берді.
− Соңғы 5 жылда жеңіл өнеркәсіп саласында 3 мың жаңа жұмыс орны құрылып 40-тан астам жоба іске қосылды. Оның ішінде, Шымкент қаласында кілем өндірісін кеңейту жобасы, Батыс Қазақстан облысында биг-бэгтер өндірісі бойынша жаңа жоба, Атырау облысында геотекстильді кластер жобасы жүзеге асырылды. Бұл полиэфирлі геотекстиль жол құрылысында, көктемгі су тасқыны кезінде жағалауларды нығайтуда, гидрооқшаулауда, құрылымдарды бекітуде және жерасты коммуникацияларын қорғауда қолданылады, − деді М. Андақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы 600-ге жуық жұмыс орнын құрып, 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде Ақтөбе облысындағы жүнді терең өңдеу жобасы, Түркістан облысындағы тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта кешені және Шымкенттегі тоқылған шұлық өндіру жобасы бар.
− Саланы қолдау мақсатында жеңіл өнеркәсіп жобаларын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру көзделген. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту және мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту және мақта-тоқыма кластерін құру бойынша жол картасы іске асырылуда. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол карталары келесі негізгі іс-шараларды қамтиды: мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті және бәсекеге қабілеттілікті арттыру, кадрлық әлеуетті, экспорттық әлеуетті арттыру қарастырылған, − дейді комитет өкілі.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығы 4,3 млрд АҚШ доллары болып, онда отандық өндірушілердің үлесі шамамен 6% болды. Елімізде жеңіл өнеркәсіпте 1411 кәсіпорын, 803 тігін кәсіпорыны, 481 тоқыма бұйымдарын өндіру және 122 былғары өнімдері кәсіпорындары жұмыс істейді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<