Бес жылға сотталған вайнер Мейіржан Төребаев үйіне келді (видео)

625

0

Фото: Видеодан кадр

Қаржы пирамидасын құрды деп сотталған Мейіржан Төребаев үйіне келді. Бұл туралы оның жұбайы Дана Есеева өзінің әлеуметтік желісінде жазып, видеосын жариялады.

«Мейіржанның заңда белгіленген қысқа мерзімді демалысы бар (113-бап, мекемеден тыс жүру). Балалардың бақыттан басы айналып отыр. Кішілері соңғы кездесуден кейін ғана тілдері шыққан, әкелеріне сұрақты жаудыртып жатыр. Үлкендері әкелерінің жанында үнсіз ғана отыр. Жақын арада оның Павлодарға қайта кететінін түсініп, барынша құшақтап қалып жатыр. Онда Мейіржан күндіз «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс істеп, кешке мекемеге қайтады. Ең бастысы, ананың жүрегі тынышталды. Ұзақ болмаса да, жалғыз ұлы қасында», – деп жазды Дана Есеева.

Айта кетейік, былтыр маусым айында Мейіржан Төребаев Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша кінәлі деп танылып, сот үкіміне сәйкес, ең төменгі қауіпсіздік колониясында бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын.

Осы жылдың басында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа аппеляциялық шағым түсірді.

Алайда апелляциялық сот вайнерлерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<