Айдынды Арал өңірі жыл санап көркейіп, кемелденіп келеді. САРАТС-1 жобасы аясында Сырдария өзені арқылы жететін су мөлшерінің көлемін тұрақты ұстап тұру үшін «Ақлақ» су тоспасы арқасында арнасы кепкен көлдерді суландыруға жол ашылды. Соның бірі ретінде ұзақ жылдар бойы кеуіп жатқан «Сарытерең» көліне су келді.
Бұл бөгендіктердің көңіліне шынайы қуаныш ұялатты. Бөген ауылдық округі – Арал ауданындағы балық шаруашылығын өркендеткен ауылдардың бірі. Мұндағы ынтымағы жарасқан ағайын теңіз тереңінен су маржанын сүзіп, балықтан нәпақасын ажыратуда.
Бұрын батыс биігіндегі кеме қатынайтын өзекке ұзындығы 4 шақырым, биіктігі 4,5 метр болатын дамбы соғылып, су айдыны қолдан жасалған деседі. Сырдария өзенінен құйылатын судың мөлшеріне қарай «Сарытерең» көлінің көлемі өзгеріп отырады. Кезінде айдын көлемі 1400 гектарға дейін ұлғайып, тұрғындардың балық аулауына жол ашылған болатын. Алайда кейін тартылып, көлдің ұлтаны тұзды сорға айналды. Тіпті, соққан желмен ауаға ақ шаңдақ көтерілетін. Осы түйткілді шешу жөніндегі ауыл тұрғындарының ұсыныстары ел ағаларының назарынан қалыс қалмады.
Мәселенің өзектілігі ескеріліп, Тұщы көлдер жүйесіне мелиорациялық жұмыстар жүргізу Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасына енгізілді. Биыл осы жұмыстарға қаржы қаралып, тендер жеңімпаздары белгілі болды. «Тұщы-1» көлін, Сырдария өзенінен су алатын Балғабай, Стан және Бекетай каналдарын күрделі жөндеу жұмысын «МФК-ТУРАН» ЖШС жүргізеді. Ал, «Тұщы-2» көлінде «Сыр маржаны және К» ЖШС мелиорациялық жұмыстарды бастап кетті. Бұл жұмыстар аяқталғанда аймақ жеткілікті суландырылады. Су Бөген ауылының кіреберісіндегі шлюз арқылы Сарытерең көліне құяды. Бұл шаралар балық шаруашылығын дамытуға зор ықпал етумен қатар, ауылдың экологиялық ахуалын да жақсарта түсетіні анық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<