«Бибі – сана» – танымы бөлек туынды

90

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның «Бибі – Сана» кітабының таныстырылымы өтті. Айта кетейік, автордың бұл кітабының орыс, түрік тілдеріндегі аудармасы және нүктелі-бедерлі (Брайл шрифті) басылған нұсқасы жарық көрген.

Қаламгерлікпен қатар қайрат­кер­лігімен қоғамда өз орнын ие­лен­ген Бибі – Ананың өнегелі өмірі мен шығармашылығын жастарға та­ныстыру бағытында ұйымдас­ты­рылған жиынды кітапхана ди­рек­торының орынбасары Айгүл Жан­ғабылова жүргізді. Ол сөзінің кіріспесінде кітап авторы Бибігүл Иманғазинаның отбасында болып, сұхбаттасу кезінде қаламгердің бо­йындағы биік парасаты, біре­гей бол­мысы тәнті еткенін атап өтті.

Әдеби-танымдық кешке Қорқыт ата атындағы Қызылорда универси­тетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айт­баева, ақын, журналист, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Ғ.Әбілда, «Ақмешіт ақша­мы» га­зетінің бас редакторы С.Бихожа, мү­ге­­дектерге арналған оңалту ор­талы­ғының директоры М.Тілеу­­ова, «Ақмешіт апталығы» газетінің тіл­шісі Г.Қожахметова, сондай-ақ, Қызылорда Ашық универси­­теті­нің, «Өркениет» медици­налық коллед­жінің оқытушы­лары мен студент­тері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған фи­лология ғылымдарының кандидаты Айман Ералықызы жарыққа шық­қан «Бибі – Сана» кітабының маз­мұнын жан-жақты баяндай келіп, «Тау­қымет» романынан бастау ал­ған трилогияның түпкі идеясында тағдыр сынынан тауы шағылмай, ағысқа қарсы жүзген кейіпкер ар­қылы адами қасиеттің биік көрінісі айқындалып тұрғанын атап өтті.

– Автор шығармашылықты тек көңіл-күйдің эстетикалық құбы­лы­сы ғана емес, жалпы өмірді қабыл­даудағы рухани жауапкершілік ала­ңы деп түсінді, яғни жазушыны қоғам алдындағы жауапты тұлға деп таныды. Сондықтан да оның шы­ғармаларында адамға жанашыр­лық, мейірім мен махаббат, намыс пен жігер, ар-ождан мәселелері негізгі идеялық өзекке айналған.

Осынау ғұмырбаяндық романы арқылы қаламгер қоғамдағы мүге­дек адамға деген қасаң көзқарасты түбегейлі өзгертіп, олардың сау адам­дармен бірдей өмір сү­ріп, дені сау ұрпақ тәрбиелеп, тір­ші­лік ете алатынын дәлелдеді. Осы қатардағы кө­мекке мұқ­таж көптеген жандарға қол­ ұшын беріп, өмірден өз орнын табуына ықпал етті.

Оқырманға жол тартқан «Бибі – Сана» кітабы қай деңгейдегі оқырман үшін де тә­лім-тәрбиелік мәні жоғары туын­ды, – дейді ғалым.

Белгілі журналист, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы С.Бихожа кезінде қалың оқырманды селт еткізіп, жүрегінен орын алған «Тауқымет» романы бір адамның басынан кешкен өмірі болса да, шығарма мазмұнындағы сан қырлы оқиғалар адам жанына қатты әсер етіп, қайшылықты сұрақтардың ше­­шімін табуға жетелейтінін айт­ты. Бұл орайда жастарды кітап оқу­ға бау­лудың маңызды екеніне тоқ­талды.

Ақын, журналист Ғазиза Әбілда «Тауқымет» романы тоқсаныншы жылдары қазақ әдебиетіне үлкен олжа салып, қалың оқырманның ыс­тық ықыласына бөленген туынды екенін айтты.

– Біз мектептің жоғары сыны­бында оқитын кезіміз. Ол уақытта интернет дұрыс дамымаған, ұялы телефон да жоқ. Бірақ соның өзін­де «Тауқымет» романы туралы әң­­гіме ел ішінде тез тарады. Кі­тап­ты бірімізден біріміз алып оқы­дық. Шығарма желісіндегі оқи­ға­ға жанымыз ауыра тұрып, басты кейіпкердің батылдығы мен күрес­керлігін, адалдығы мен өмірге құш­тарлығын таныдық. Үлгі тұттық. Шынын айтсақ, романның басты кейіпкері арқылы қазақ қызының табиғи болмысын, танымы мен та­ғылымын, өмірге деген өзіндік көз­қарасы мен биік ұстанымын біл­гендей болдық.

Тағдыр тауқыметін жеңіп, қо­ғамнан өз орнын тапқан, бүгінде «Би­бі-Ана» қорының президенті Би­бігүл Иманғазина қайырымдылық пен ізгілік жолын ұстанған жан. Осынау қор жұмысы арқылы ол елі­міздегі мүмкіндігі шек­теулі ана­лардың балаларына қам­қорлық жа­сап, қолдау танытып ке­леді. Бір сөз­бен айтқанда, «Бибі – Сана» кітабы – оқырман үшін қай кезеңде болсын, өзектілігін жоғалт­пайтын өмірлік мазмұнды шығарма, – деді ол.

Кеш қонақтары қаламгердің тағ­дырлы өмір жолы мен шығарма­шылығына, қазақ оқырманы ара­сын­да кең танылған «Тауқымет» рома­нының толықтырылып, өңдел­ген нұсқасы «Бибі – Сана» кітабының мәні мен мазмұнына тоқталып, қа­лам иесінің адамгершілік ұстанымы мен әдебиеттегі орны туралы өз пікірлерін бөлісті. Сонымен қатар, жас оқырмандар берен болмысты Бибі-Ана туралы жазылған ақын жырларын оқыды. Көпшілік наза­рына «Тағдырлы Бибі-ана» атты кі­тап көрмесі ұсынылды.

«СБ» ақпарат