«Билет қымбат, ал вагонда нағыз масқара күтіп тұрады»: депутат «Қазақстан Темір жолының» жұмысын сынға алды

605

0

Сурет көрнекілік үшін ашық дереккөзден алынды

Жаз келсе болды, қоғамда темір жол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Темір жол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі, жолаушылар құрамының көп бөлігі кеңес заманының мұрасы. Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсембаев жолаушылардың мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Вагон паркін жаңарту мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа есеппен алғанда 55% тозған. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Уәде көп, бірақ жүзеге асқаны жоқ екенін алға тартқан депутат жаңарту жұмыстары өнімді болатынына сенім аз екенін айтты.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни, 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне кім кепіл?! – дейді ол.

Сонымен қатар, билет тапшылығы, вагондардың мүшкіл хәлі туралы да сөз болды.

Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады, – деді Елнұр Бейсембаев.

Оның сөзінше, жыл сайын азаматтардың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқаны байқалады. Сондықтан, негізгі турмаршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет.

Сонымен қатар, теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражат бөлінуіне қарамастан, билеттің бағасы қымбат екені айтылды.

Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қол жетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі орын алып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды, – дейді ол.

Депутаттың келтірген дерегінше, тек 2023 жылғы 11 және 17 тамыз аралығында жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркеліпті.

Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператордың жұмыс істеуі туралы да мәселе көтерілді.

Тағы бір алаңдатадын мәселе, ол аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екендігі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі «Ресей темір жолдары» ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған. «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес. Сол себепті, депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз. Бұл жай ғана бір депутаттың сауалы емес, бір өңірден екінші өңірге жаз бойы жете алмаған мыңдаған «AMANAT» партиясының мүшелерінің өтініші деп біліңіз, – деп түйіндеді депутат. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<