Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Жиын өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелеріне арналды.
Аймақ басшысы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум еліміздің кемел келешегі үшін таңдау жасап, мемлекеттің берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік екенін атап өтті.
– Конституциялық реформа еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқығы мен бостандығын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Ата Заңымыздың құқықтық мәртебесінің күшеюі ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы белсенділігін арттырады. Бұл инвесторлар үшін де аса маңызды. Өйткені тұрақты конституциялық негіз кедергілер мен тәуекелді төмендетіп, инвесторлардың құқықтарын қорғауда заң үстемдігін нығайтады. Біздің мақсатымыз ортақ, ол – кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, – деді облыс әкімі.
Одан кейін өткен жылдың қорытындысымен өңірде барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіш жоғары болғанын айта келе, шағын және орта бизнесті ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
Бүгінде кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі – 20,5 пайыз. Былтыр бұл сектордың өнім шығару көлемі 30,5 пайызға артып, Қызылорда облысы республика бойынша өңірлер арасында алғашқы үштікке енді. Салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайды. Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан қағажу көріп отырған жоқ. 2025 жылы жеке кәсіпкерліктің 2 929 жобасы барлық қаржы көзі есебінен 61 млрд 100 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұндай қолдау қолайлы инвестициялық климаттың қалыптасуына, жаңа ірі инвестициялық жобалардың нәтижелі жүзеге асуына ықпал ететіні сөзсіз. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылса, соның 774 млрд теңгеден көбі өткен жылдың еншісінде. 9 айдың қорытындысына сәйкес облыс экономикасына құйылған шетелдік инвестиция көлемі 205 млн АҚШ долларынан асты. Былтыр 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Президент қолдауымен түркиялық компания салған жылу-электр орталығы тәуелсіздік жылдарында инвестор қаржысына салынған маңызды ірі жобалардың қатарында. Сондай-ақ нан өнімдері кешені, кірпіш, айна шығару, күріш, ас тұзын өндіру зауыттары, шағын өнеркәсіптік аймақ және күн-электр станциясы іске қосылды.
– Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары 1 трлн. 900 млрд теңге есебінен 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биыл 100 млрд теңгеге 21 жобаны іске қосамыз. Испандық «Рока групп» компаниясы жақында жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауыт салуды бастайды. Биыл жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 22 млрд 700 млн теңге қаралды. Бұл қаржыны алдағы уақытта банктер мен даму институттарының несие ресурстары есебінен ұлғайтамыз. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған «Өрлеу», «Кепілдік беру қоры» бағдарламалары кеңінен жүзеге асырылады. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес шағын бизнес үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды, – деді аймақ басшысы.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамытудағы оң динамика облыс әкімінің басшылығымен қолға алынған үйлесімді әрі нәтижелі жұмыстың айқын көрінісі екенін жеткізді. Бұл палатаның іскерлік климаты мен тәуелсіз рейтингінің қорытындысынан көрініс тапты. Қызылорда облысы соңғы екі жылда бизнесті жүргізу бойынша еліміздегі үздік 3 өңірдің қатарына еніп, кәсіпкерлік орта көшбасшыларының арасынан көрінді.
– Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысын уақыт талабына сай жаңғыртуды бастадық. Оған палатаның әлеуеті жеткілікті екенін көріп отырмыз. Мақсатымыз – бизнесті кәсіби тұрғыда қорғауды күшейту және мемлекеттік органдармен диалогті нығайту. Ұлттық палатаның ұстанымы нақты талдауға, есепке және шынайы экономикалық әсерді бағалауға негізделеді. Өңірлік палаталардың жұмыс үлгісін жетілдіру ойымызда бар. Кәсіпкер, ең алдымен, палатамен осы жерде, аймақта өзара әрекеттеседі. Сондықтан өңірлік жұмыстың сапасы басымдыққа ие болуы керек. Мамандандыруды күшейту, үдерістерді цифрландыру, кадрлық әлеуетті арттыру және түсінікті тиімділік көрсеткіштерін енгіземіз деген жоспарымыз бар. Әрине, бизнес үшін ең бастысы – нақты нәтиже, – деді Қанат Шарлапаев.
Палата бүгінде бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмысты қолға алды. Бірінші бағыт – микро және шағын бизнесті қолдау. Көп ұзамай «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша соңғы нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Осы орайда ол қазірден бастап «Даму» қорының өңірлік филиалымен және «Атамекен» палатасымен байланысуға болатынын еске салды. Екінші бағыт – орта және ірі бизнестің инвестициялық жобаларын сүйемелдеу. Палата инвесторлардың жекелеген мәселелерін Бас прокуратура жанындағы инвесторларды қорғау комитетімен бірге конструктивті түрде шешуге ден қойып отыр. Үшінші бағыт – реттеушілік саясат, бұл ретте бизнес өкілдеріне қатысты заңнамалық жүйелі өзгерістерді бақылауда ұстау аса маңызды. Төралқа төрағасы Қазақстанның жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі екенін, мұнда сырбойылық кәсіпкерлердің үлесі мен әлеуеті зор екеніне айрықша тоқталды.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытындағы жаңа тетіктер жөнінде облыс прокуроры Ризабек Ожаров баяндады. Биыл инвесторлардың қызметіне заңсыз араласудың 25 дерегі анықталып, қадағалаушы орган өкілдері оған тосқауыл қоя білді. Өткен жылы 600-ге жуық бизнес субъектісінің қызметін заңсыз тексеруге жол бермеді. 4 адам кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны және тексеру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
– Бүгінге прокуратура тек қадағалаушы орган емес, толыққанды құқық қорғаушыға айналды. Ол заңдылық, болжамдылық және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қағидаттарына, яғни «Заң және тәртіп» идеологиясына негізделген. Инвесторлардың құқығын қорғау миссиясы өңірлерде облыс прокурорларына сеніп тапсырылды. Аймақтарда арнайы топ құрылып, инвесторлардың өтінішін қарау және туындаған мәселелерге жедел ден қою міндеті жүктелді. Соңғы үш жылда бұл модель тиімділігін дәлелдеді. Жүйелі әрі нәтижелі жұмыс үшін нақты құралдар қолданылды. Әкімшілік қысымды тежеудің алғашқы осындай тетігі – «прокурорлық сүзгі». Оның қағидаты айқын – инвесторға қатысты бірде-бір тексеру, айыппұл немесе талап-арыз бойынша прокурордың келісімі болмаса, олардың заңды күші жоқ. Ескертетін жайт, енді инвесторларға қатысты шешімдерді келісу рәсімі тек мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілеріне де қолданылады, – деді Ризабек Ожаров.
Ендігәрі әрбір жобаны онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бар, яғни прокурорлар шағымды күтпей, әрбір тәуекелді алдын ала көре алады. Бұл қандай да бір кедергі жаңадан қалыптаса бастаған сәтте оны жоюға мүмкіндік береді. Келесі бағыт – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу. Егер бұрын бұл жұмыс, өтініштер мен жекелеген мәселелер бойынша жүргізілсе, енді әрбір жобаға жеке-жеке прокурор бекітілді. Өтініштерді формальды қайта жолдау тәжірибесі толық қолданыстан алынып, әрбір шағым нақты бір қызметкердің жеке жауапкершілігіне беріледі.
Жергілікті кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тікелей талқылау, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру, бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейту мақсатында ұйымдастырылған басқосуға бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдарының өкілдері, палатаның өңірлік және салалық кеңес мүшелері қатысты. Кездесу ашық диалог форматында өрбіп, бизнес иелері нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «КС Сырдария-1» ЖШС директоры Алмат Абдуллаев мал шаруашылығын қаржыландыру, «Шаған Жер» ЖШС директоры Жеңісбек Сыздықов күріш шаруашылығын несиелендіру лимитін көтеру, «Ер-Әлі» ШҚ басшысы Әліби Бекжанов күріш егу және тұқым әзірлеу бағытында мәселелерді жеткізді.
«Атамекен» палатасының төралқа төрағасы бизнес мүддесін қорғау жалғасатынын, айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды Үкіметке жеткізетінін атап өтті.
– Сіздерді экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге бағытталған сапалы жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция көлемін арттыруға шақырамыз. Ол үшін әкімдік кәсіпкерлер палатасымен бірге бизнесті қолдау және оны дамыту бағытындағы маңызды шараларды қабылдауға әрқашан әзір. Біз үшін жұмыс істейтін әрбір кәсіпкер маңызды және оларға жұмысты жүргізу үшін қолайлы жағдай жасамыз, – деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





