Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова 2025 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Есепті кезеңде 157 мемлекеттік бақылау шаралары өтті. Оның 97-сі мемлекеттік аттестаттау, 49-ы қайта мемлекеттік аттестаттау, 11-і рұқсаттық бақылау. Нәтижесінде 97 мектепке дейінгі білім беру ұйымының ішінен 17-сі бірінші рет аттестатталды, 79-ы аттестатталмады, 8 жекеменшік балабақша жабылды.
Мемлекеттік аттестаттау аясында жүргізілген кешенді тестілеуге 48 мектептен 3696 білім алушы қатысып, білім сапасы 39 пайыз, үлгермеушілік 18,6 пайызды көрсетті. Нақтырақ айтқанда, 48 мектептің ішінде 4 мектеп оқушылары кешенді тестілеудің шекті деңгейінен өте алмады. Бұл мектептерде кешенді тестілеу жыл соңында қайта өткізіледі.
ҚР «Білім туралы» Заңда белгіленген 20 бағыт бойынша Қармақшы аудандық, Қызылорда қалалық білім бөлімдеріне жоспарлы тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берілді, – деді Ғ.Дәулетова.
Баяндама барысында айтылғандай, департамент жүргізген тексеру нәтижесінде біліктілік талаптарға сәйкес келмейтін 1 мемлекеттік балабақша, 3 бастауыш мектеп жұмысын тоқтатқан. Одан бөлек, 9 балабақша реестрден шығарылып, 3 бастауыш мектептің лицензиясын қайтару бойынша жұмыс жасалуда. Ал өңірде ашылған барлық «Келешек мектептеріне» лицензиялар берілген.
Жалпы 2024-2025 оқу жылында жүргізген мемлекеттік бақылау шаралары мен мониторинг қорытындысымен, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарға сәйкес келмейтін ұйымдарды жабу нәтижесінде жергілікті атқарушы орган 1 млрд теңгеге дейін қаржы үнемдеген.
Департамент тарапынан жыл соңына дейін 52 мектепке мемлекеттік аттестаттау, 20 балабақшаға қайта аттестаттау, 4 мектепке талаптарға сәйкестікті тексеру жүргізу, «Қызылорда облысының білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жоспарлы тексеру жүргізу белгіленген. Сонымен қатар, 3 жеке мектепке мемлекеттік аттестаттау, 1 мектепке талаптарға сәйкестікті тексеру жүргізу жоспарланған.
– Республика бойынша жекеменшік мектептердің 40 пайызы жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Бұл – қауіпсіздік пен инфрақұрылым тұрғысынан тәуекел болып табылады. Сондықтан министрлік лицензиялық талаптарға өзгеріс енгізіп, жалдамалы ғимараттарда мектеп ашуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Білім беру ұйымдарының біліктілік талаптарға сәйкестігі үнемі бақылауда болады. Мемлекет сапалы білім беретін, білім саласында заңнама талаптарын сақтайтын және балалардың мүддесін басты орынға қоятын жеке мектептерді ғана қолдауды жалғастырады, – деді департамент басшысы.
«СБ» ақпарат






