Білім беру бағдарламалары қайта қаралады

23

0

Отандық жоғары білім беру жүйесі жаңғыру алдында тұр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүйеге ауқымды өзгерістер енгізілетінін, оқу бағдарламалары қайта қаралатынын атап өтті. Бұл бастама білім беру сапасын арттыру бағытында қолға алынып отыр.

Еліміздің еңбек нарығына терең талдау жасап, алдағы ондаған жылда пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қалатын мамандықтарды айқындауға мүмкіндік берген «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы тәмам. Өңірлерге қандай мамандар қажет, ол жағы белгілі. Министр соған байланысты 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы қайта қаралып, 700 шақтысы жабылатынын мәлімдеді.

– 73 мыңға жуық кәсіпорынға сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесінде әр өңір мен сала бойынша кадрларға қажеттілік анықталды. Енді білім беру мазмұны осы деректерге сәйкес жаңартылады. Сонымен қатар инженерлік білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Инженер мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары практикалық оқытуға көшеді. Мысалы, Атырау мұнай және газ университетінде студенттер өндірісте тәжірибеден өтіп, нақты жұмыс үдерісіне қатысады, – деді министр.

Отандық кәсіпорындарды қамтыған сауалнама қорытындысы шұғыл шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблема барын көрсеткен. Оларды Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап айтты. Біріншісі жасқа байланысты. Кәсіпорындарда негізінен 40-59 жас аралығындағы қызметкерлер еңбек етеді. Бұдан алдағы уақытта экономиканың негізгі салаларында білікті мамандар тапшылығы сезілетінін байқау қиын емес. Келесі мәселе – кадр даярлау жүйесіндегі сәйкессіздік. Бір сөзбен айтқанда, сұранысқа ұсыныс сай емес.

– Мысалы, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына 800 маман қажет болса, білім беру жүйесі бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Қарағанды облысында 351 IT вакансияға 2500-ден астам студент дайындалып жатыр. Үшіншіден, білім беру жүйесінде шамадан тыс академизм, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының қайталануы байқалады. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында экономика бағыты бойынша 142, құқықтану бойынша 115 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар бір оқу орнының өз ішінде де қайталанып отыр, – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ А.Балаева әріптесі «жабылады» деп мәлімдеген бағдарламалардың орнына AI and Data, биоинжиниринг, Smart Agriculture және EdTech секілді бағыттарды қамтитын 21 басым бағыт іске қосылатынын жеткізді. 35 бағыт бойынша білім беру бағдарламалары жан-жақты жаңғыртудан өтіп, тәжірибеге бағдарланған оқытуға басымдық беріледі.

– ЮНЕСКО ұсынысына сәйкес, work-based learning, яғни жұмыс орнында оқыту үлесі бакалавриатта 25%-ға дейін, ал магистратурада 40%-ға дейін жеткізіледі. Бұл – кадр даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеретін түбегейлі өзгеріс. Мемлекеттік гранттар енді өңірлердің нақты экономикасының қажеттіліктерімен тікелей байланысты болады, – деді министр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»