Білім мен ғылым – ел болашағының темірқазығы

52

0

Фото: Ақорда

Білім мен ғылым – кез келген елдің дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, шынайы өмірдің қағидасына айналған ақиқат. Себебі адамзат тарихындағы әрбір өркениетті кезең білім мен ғылымның жетістіктерімен тығыз байланысты.

Кейінгі жылдары елімізде осы бағытта жүйелі қадамдар жасалып жатқанын қуана айтуға болады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім мен ғылым саласына тұрақты түрде назар аударып, нақты шешімдер қабылдап келе жатқаны болашаққа деген сенімді күшейтеді.

Жуырда ғана Астанада өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стра­тегиялық серіктестер форумы осының айқын дәлелі. Бұл форум әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары басшыларын, халық­аралық рейтинг агенттіктері өкілдерін, ғылым мен инновация саласының жетекші мамандарын бір алаңда тоғыстырды.

Форум жұмысына Қазақстан Президенті қатысып, білім мен ғылымның адамзат өркениетін алға жылжытатын ең қуатты күш екенін ерекше атап өтті. «Университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ал ғалым – қоғамның қозғау­шы күші» деді Мемлекет басшысы.

Бұл сөздер тек жоғары оқу орындарына ғана емес, бүкіл қоғамға бағытталған стратегиялық бағдар іспетті.

Шынында да, университет – елдің интеллек­туалды әлеуетін қалып­тастыратын, жаңа идеялар мен технологиялардың ұясы. Кейін­гі жыл­дары Қазақстанда универ­­ситеттердің дер­бестігі кеңейіп, зерттеу бағытындағы оқу орын­­да­ры­ның саны артып келеді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабыл­дануы – бұл саладағы реформалардың жаңа кезеңі.

Мемлекет тарапынан қолдау да айқын сезіледі. 2019 жылдан бері білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемі үш есеге артты. 1200 жаңа мектеп салынды, тағы 150 «Келешек мектебі» бой көтеруде. Бұл – жас ұрпақтың заманауи білім алуына жасалған зор мүмкіндік.

Сонымен қатар, жоғары оқу орын­дарының инфрақұрылымы жаңарып, жаңа кампустар мен жатақ­ханалар салынуда. Гранттар мен пайызсыз несиелердің көбеюі жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып отыр.

Мемлекет басшысының білім мен ғылым саласына қатысты әрбір форум мен кеңеске жеке қатысуы бұл бағыттың еліміздің стратегиялық болашағы үшін шешуші рөл ат­қаратынын көрсетеді.

Форум барысында біз, жоғары оқу орын­дарының басшылары, халық­аралық серіктес­термен тәжірибе алма­сып, жаңа ғылыми жоба­ларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар келі­сімдерге қол қойдық. Бұл «Болашақ» уни­вер­ситеті үшін де маңызды кезең болды. Біз білім беру сапасын ха­лықаралық деңгейге кө­теру жолында нақты жоспарлар жасап отырмыз.

Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығының сұранысына сай білікті, заманауи ойлайтын, елжанды маман тәрбиелеу.

Білім мен ғылым – ел болашағының темірқазығы. Сондықтан әр ұстаздың еңбегі, әр зерттеушінің ізденісі, әр студенттің арманы – тәуелсіз еліміздің ертеңіне қосылған үлес.

Бұл форум Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын, ал біздің еліміздің ғылым мен инновацияға негізделген болашағы айқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Г.СНАСАПОВА,

Қызылорда «Болашақ»

университетінің ректоры