Білім мен тәрбиенің бірегей ордасы

65

0

Биыл Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ашылған болатын. Жаңа оқу жылында жұмысын бастаған білім ордасына бардық, дирек­торы Ерлан Қоңырбаевпен  пікірлесіп, жаңашылдық жаршысына куә болдық.

Өңірдегі ғылым мен технология саласына бейімделген дарынды оқушы­ларға білім беретін мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған.

Білім мен тәрбиенің бірегей ордасы

– Нысан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ашылды. Ал жұмысты 1 қыркүйектен бастадық. Мектеп негізі 400 балаға шақталған, жатақханасы 300 орын. Биыл 200 баланы қабылдадық. Себебі, тек 7-8 сыныптар ашылды. Лицейде 7-11 сынып аралығында оқытады. Білім ошағы «Білім-инновация» лицей­лері арасындағы тұңғыш физика-мате­матика бағытында ашылған лицей болып саналады. Қабылдау емти­ханы да БИЛ негізінде жүргізіледі. Ақпанның бірінен бастап, сәуірдің ортасынан дейін онлайн тіркеледі. Оқушылар тіркелгеннен кейін мамыр айында емтихан тапсырады. Биыл 7-30 сәуір аралығында тіркеу жүргізілді.  Қабылдауға 20 өңірдің 17-нен өтініш түсіп, 1445 бала емтихан тапсырды. Нәтижесінде 200 бала қабылданды. Оның 60 пайызы жергілікті болса, қалғаны сырт өңірлерден. Нәтижесінде 100 бала 7-сыныпқа, 100 бала 8-сыныпқа барды. Сонда төрт 7-сынып, төрт 8-сынып бар. Осындағы БИЛ-дан ерекшелігіміз, бізде аралас оқиды. Ал оқу жүйесінде жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Физика-математика тереңдетіліп оқытылады. Біріншіден, ағылшын тілінде, екінші­ден, топтарға бөлінеді. Сағат саны да басқа лицейлерге қарағанда көп.

Біздің жоспарымыз 10-сыныптың соңында оқушылардың барлығы уни­вер­ситет деңгейінде кейбір пәндерді бітіріп шыққан болу керек. Ол сертификат арқылы университет кезінде сол пәндерді оқымаса да болады. Міне, осындай деңгейге шығу керек, – дейді Ерлан Серікбайұлы.

Білім мен тәрбиенің бірегей ордасы

Сондай-ақ оның айтуынша, әр сыныптың өзіндік емтихан тесті болады. Соған орай оқушы өзінің деңгейін дәлелдейді. Оқытушылар құрамы да білікті ұстаздардан құралған. Мәселен, 16 мұғалім «Білім-инновация» қорынан келген. Олар ағылшын тілінен сабақ береді, жүйені жақсы меңгерген, мектептерде тәжірибе алмасу үшін ауысып оқытады. Қазір мұнда 23 мұғалім, 13 тәрбиеші еңбек етеді.

Оқушылардың шығармашылық дары­нын шыңдау үшін қосымша үйір­мелер қарастырылған. Мектептің ма­териалдық базасы жоғары болған­дықтан, мұнда сегіз лаборатория, бес шеберхана бар. Балалар ағаш өңдеу, темірмен жұмыс істеу, асхана, қыш жасау, тігін тігу, робототехника және спорттық, актерлік шеберліктерін дамытатын үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар ағылшын тіліне арнал­ған сегіз кабинет қызмет көрсетеді.

Білім мен тәрбиенің бірегей ордасы

– Біз әр баланың уақыты тиімді өткенін қалаймыз. Мәселен, сабақ таңғы сегізде басталып, түстен кейін аяқ­талады. Одан әрі қосымша олим­пиадаларға дайындалады. Кешкі ас­тан кейін өзіндік жұмыс жүргізеді. Тәр­биешілерімен бірге сабаққа көңіл бөледі. Тәрбиешілердің басым бөлігі – БИЛ түлектері. Олар оқушылардың үй тапсырмасына көмек береді, тәртібін қадағалайды.

Сондай-ақ мектепте қоғамдық іс-шаралар да белсенді жүргізіледі. Себебі «Құндылықтарға негізделген білім жүйесіне» ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, біздің логотипке қарасаңыз, қарлығаштың бейнесі суреттелген. Бұл дегеніміз – қарлығаштың бір қанаты тәрбие болса, екіншісі білім. Сондықтан бұл екі ұғымды қатар алып жүргенде ғана нәтиже болары сөзсіз. Жоғарыда аталған өзіндік жұмыс тәрбиеге байланысты, оған ата-аналар да белсенді атсалысады. Біздің философиямызда негізгі тәрбиені ата-ана берсе, біз қолдаймыз, көмек береміз. Олар үнемі бізбен байланыста, әрбір іс-шараға белсенді қатысады, балалардың қасында болады. Тіпті тәрбие сағаттарын да ата-аналар жүргізеді. Алдын ала тақырып беріп, сол бойынша дайындалады. Біз де көмек көрсетеміз. Ата-аналарға арналған клубтар да бар, – дейді ол.

Мұнда әр баламен жеке-жеке жұ­мыс жүргізіледі. Бала емтихан кезінде төмен нәтиже көрсетсе, келесі тоқсанда үлгерімі жақсы болуы үшін барлық жағдай қарастырылады. Әр тоқсан сайын білім тексеретін сынақтар бар. Ол БИЛ-дар арасында болады. Қазір оқушылар бірінші тоқсанның қорытындысына байланысты сынаққа дайындық үстінде. Сондай-ақ оқу­шылар білім олимпиадаларына үнемі дайындықты пысықтап отырады. Мұғалімдер де біліктіліктерін шыңдау үшін өз деңгейін көрсететін сынақтарға қатысады. Ерекшелігі – мұндағы оқыту­шы құрамның көпшілігі жастар.

«Оқыту» жобасы да сәтті жүзеге асуда. Мәселен, әр тоқсанның басында мұғалім балаларға тапсырма береді. Бала тоқсан бойында сол жобаны жетілдіре жүріп, ізденеді, зерттейді. Тоқсан соңында қорғап, тиісті бағасын алады. Бұл – баланың жан-жақты болуына жол ашатын жарқын жоба. Сонымен қатар ай сайын түрлі тақырыпта құн­ды­лықтарға байланысты жобалар іске асырылады. Онда балалар өзіне қажет ақпаратпен қатар айналасына құр­метпен қарауды, мейірімділік, әділдік, қайырымдылық сынды ұғымды терең ұғынады. Байқағанымыз, мұнда тәрбие мен білім қатар беріліп, түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асады екен.

Директордың айтуынша, білім-ин­новация мектептерінің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл. Ал физика-математика бағытында алғашқы мектеп болған соң әлі де жүйеленуде. Алайда өз ісіне берілген мұғалім, құндылыққа бағдарланған оқыту, ата-анамен тығыз байланыс, олимпиадалық жетістік және көптілді оқыту ортасы олардың ұстанымына айналған.

Мектептің жатақханасы да заман талабына сай. Онда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Бес мезгіл ыстық тамақ беріледі. Оқушылар бір үйдің баласындай тату-тәтті. Жатақхана 10 түрлі корпустан тұрады. Оның үшеуі қыздарға арналса, қалғанына ұл балдар орналасқан. Әр корпуста 30 баладан, бір бөлмеде 3 бала жатады. Сондай-ақ мұнда сабақ уақытында ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Бала қауіпсіздігі де қатаң бақылауда. Мектепке 138 камера орнатылған.

Ерлан Қоңырбаевтың өзі де «Білім-инновация» лицейінде білім алған. Алма­тыдағы Сүлеймен Демирел атын­дағы университетті бітірген. Маман­дығы информатика пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын БИЛ жүйесінде тәрбиеші болып бастаған. Жиырма жылға жуық осы салада еңбек етсе, басшылық қызметті де абыройлы атқарып келеді. Осындай білікті басшы жетекшілік ететін ұжымның әлі-ақ алар асуы алда екеніне іштей қуанып қалдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамы­тудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген болатын.

Сол міндетке сай қызмет жасаудың бір үлгісі осы – физика-математика ба­ғы­тындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты деп таныдық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ