Білім саласындағы өзекті мәселелер алқада талқыланды

439

0

Облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжановтың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға қала және аудан бойынша білім бөлімдерінің басшылары, интернат директорлары қатысса, білім беру ұйымдары Zoom платформасы арқылы қосылды. Күн тәртібінде бес мәселе қаралды.

Бәрінен бұрын балалардың қауіпсіздігі маңызды. Білім беру ұйымдары қажетті құрылғыларды талапқа сәйкестендіріп, нысанды мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажет. Алқада алдымен осы мәселе назарға алынды.

Басқарма басшысының орынбасары Б.Қали білім беру ұйымдарының инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандырылуын баяндады. Салаға жауапты орынбасар өңірдегі кейбір балабақшалар мен мектептерде талаптар сақталмайтынын, ережеге сәйкес келмейтіндігін және мерзімінде жүргізілмегенін айтты.

Асқарбек Темірбекұлы білім бөлімдері басшыларына қауіпсіздік мәселесін қатаң назарға алып, қажетті құрылғыларды шұғыл арада үнемделген қаржы есебінен алуды тапсырды.

Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жүнісова биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс санының артқанын, зорлық-зомбылық фактілерінің көбейгенін жеткізді. Бұл мәселеге келгенде тәрбиеге жауапты маман, психолог, әлеуметтік педагог барлығы келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыстарды атқару керектігін алға тартты.

Басқарма басшысы балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ екенін айтып, бұл мәселеге немқұрайлылық танытпауды тапсырды.

Білім сапасы – ең басты көрсеткіш. ҰБТ, олимпиада, байқау нәтижелері білім беру ұйымының жұмысын көрсетеді. Алайда кейбір мектептердегі нәтиже көңіл көншітпейді. Осы мәселені баяндаған басқарманың бөлім басшысы Н.Даулеталиев бірқатар директорлардың жұмысында салғырттық бар екенін айтты.

Өз кезегінде Асқарбек Темірбекұлы «оқушының, мектептің абыройы мемлекеттік грантты жеңіп алу болса, соған мүмкіндік беретін тестілеуге дайындық мектеп директорының ең басты мәселесіне айналуы тиіс» екенін назарға салды. Тапсырманың орындалуы бойынша қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары тікелей жауапты болатынын жеткізді.

Күн тәртібінде білім беру ұйымдарындағы қаржының игерілуі, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жүргізілуі, ұлттық білім беру деректер қорының толтырылуы және жылу беру маусымына дайындығы сараланды.

Сондай-ақ жиында Асқарбек Темірбекұлы әдістемелік кабинеттердің жұмысын күшейтуді және ұсыныс беруді, «лицей-гимназия» статусы бар мектептерді сараптамадан өткізіп, талдау жасауды, білім беру ұйымдары басшыларының қаржылық сауаттылығын арттыруды, үздік ұстаздар пулын қалыптастыруды тапсырды.

Басқарма басшысы білім бөлімдерінің жұмысына жеке-жеке тоқталып, оның орындалуы бойынша тапсырмалар берді.

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<