Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиеваның төрағалығымен әдістемелік кеңес өтті. Жиынға орта білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ директорлардың оқу ісі жөніндегі және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.
«Білім сапасын арттыру және әдістемелік жұмыстардың жүргізілу барысы» тақырыбында өткен кеңесте оқушылардың оқу жетістіктері жан-жақты талданып, білім сапасының мониторингі жасалды. Кеңес барысында әдістемелік жұмыстың нәтижелері мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.
Жиында алғаш сөз алған білім бөлімінің маманы Қанат Әбдіқадыров 2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында ҰБТ-ға дайындық, білім сапасын зерделеу және талдау жұмыстарының қорытындыларына тоқталып, жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар соңғы 3 жылда білім сапасы төмен көрсеткіш көрсеткен мектептерге әдістемелік көмек көрсетіліп, зерделеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
Ал, бөлімнің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ғалия Ибрагимова әдістемелік бірлестіктердің жұмыс қорытындысын баяндап, 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиадалардың көрсеткіштерін, «Зерде» ғылыми жобасының қалалық және облыстық кезеңдеріндегі нәтижелерді атап өтті. Сонымен қатар кәсіби байқауларға қатысу көрсеткіші төмен мектептерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысына тоқталды.
«Пәндік олимпиадалар оқушының білімін тереңдетіп, логикалық ойлауын дамытады, пәнге қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеруге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Пәндік олимпиадаларға қатыспау оқушының сынақ жағдайында жұмыс істеу дағдысын шектейді, мектептің көрсеткішін төмендетеді.
2025 жылғы желтоқсан айындағы олимпиада нәтижелеріне сәйкес, ең төмен көрсеткіш физика мен математика пәндерінде болды, ал жоғары көрсеткішті гуманитарлық пәндер – ағылшын, қазақ және орыс тілдері көрсетті.
Облыстық кезеңге қала мектептерінен 41 оқушы қатысып, 4 оқушы – І орын, 6 оқушы – ІІ орын, 12 оқушы – ІІІ орын және 4 оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Жалпы жүлделі орындардың пайыздық көрсеткіші 53 пайыз болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,4 пайызға жоғары. Биыл республикалық кезеңге география, ағылшын, қазақ және орыс тілдері пәнінен 6 оқушы жолдама алды» – деді Ғалия Ермағанбетқызы.
№285 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Балзия Абдуллаева өз баяндамасында оқу процесіндегі тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі білім беру жүйесінде цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану мен инновациялық тәсілдерді қолдану оқушылардың білім сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Ол тәжірибелі педагогикалық ұжымның сабақтарды жаңашыл әдістер арқылы ұйымдастырудағы жетістіктерін мысалға келтіріп, кеңес берді.
Әдістемелік кеңесті қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева қорытындылап, қатысушыларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Білім сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар күшейтілмек.






