2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милане-Кортина д’Ампеццо өңірінде өткен қысқы Олимпиада тарих қойнауына енді. Дүбірлі додада бақ сынауға әлемнің 90-нан астам елінен шамамен 3 мыңнан астам спортшы келді. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Еліміздің спортшылары 10 спорт түрінен бақ сынады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелді. Сол күні отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Нәтижесінде еліміз жалпы командалық есепте 1 алтын медальмен 19-орынға тұрақтады.
Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада кейінгі 32 жылда жеңіп алған тұңғыш алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы. Қазірге дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болды. 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен үшінші орыннан көрінген еді. Қазақстанның қазірге дейінгі алғашқы алтын жүлдесін 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов қоржынға салған болатын.
Биылғы қысқы Олимпиадада жалпы командалық есепте Норвегия 18 алтын, 12 күміс, 11 қоламен көш басына шықты. Одан кейінгі орындағы АҚШ 12 алтын, 12 күміс, 9 қола еншілесе, үздік үштікті 10 алтын, 7 күміс, 3 қоламен Нидерланд түйіндеді. Дүбірлі дода барысында барлығы 29 мемлекет жүлдеге қол жеткізді. Мұндай мүмкіндікке Италия, Германия, Франция, Швеция, Швейцария, Аустрия, Жапония, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Аустралия, Ұлыбритания, Чехия, Словения, Испания, Польша, Жаңа Зеландия, Финляндия, Латвия, Дания, Эстония, Грузия, Болгария және Бельгия ие болды.
Биылғы Олимпиадада ел құрамасының географиясы кеңейіп, кейінгі төрт олимпиадалық цикл ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті. Еліміздің бас командасы сапына 11 өңірден үздіктер шақырылды. Атап айтқанда, айтулы аламанда Алматы, Астана және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан барған жастар сайысқа түсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылғы қысқы ойындарға 10, 2018 жылы 9 өңірдің өкілдері қатысқан еді.
Олимпиада барысында отандық спортшылар бірқатар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаудан 19 жастағы Софья Самоделкина Олимпиададағы дебютінде 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартып, 10-орын иеленді. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы ең жоғары нәтиже.
Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта 6-орын, 5000 метрде 10-орын алып, 1998 жылдан бергі отандық конькишілердің ең үздік көрсеткішін тіркеді. Ал Елизавета Голубева 1500 метрде 7-нәтиже көрсетіп, 3000 метрде үздік ондыққа енді. Сондай-ақ әйелдер құрамасы командалық жарыста Олимпиаданың ең үздік сегіз командасының қатарына қосылды.
Өзге спорт түрлерінде де айтарлықтай ілгерілеу бар. Шаңғымен тұғырдан секіруден 19 жастағы Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, осы спорт түрі бойынша Қазақстанның Олимпиада тарихындағы ең жоғары нәтижесін көрсетті. Шорт-тректе Денис Никиша 500 метр қашықтықта 7-орынға ие болып, алдыңғы Олимпиададағы нәтижесінен жоғарылады. Фристайл-могулда Анастасия Городко 8, Павел Колмаков 9-орын алып, 2022 жылғы ойындардағы көрсеткішін едәуір жақсартты. Оған қоса конькимен жүгіру сайысында Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта 9, отандастарымыз фристайл-акробатикадан (микст) командалық бәсекеде 7-орын алды.
Атап айтсақ, норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо Олимпиада тарихына өзінің есімін алтын әріппен жазды. Ол биыл алты мәрте чемпион атағын жеңіп, классикалық жеке спринт, эстафета, командалық спринт, жеке спринт, 15 шақырымға классикалық әдіс, классикалық командалық спринтте алдына жан салған жоқ. Осылайша Йоханнес Клебо 11 дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Шаңғышы бір Олимпиадада алтын медаль алу жөнінен АҚШ-тың коньки спортының шебері Эрик Хайденді артқа қалдырды. Ол 1980 жылы Лейк-Плэсидте өткен айтулы аламанда бес мәрте чемпиондық атақты жеңіп алған еді. Клебо осылайша 46 жыл бойы сақталған рекордты жаңартты.
Қысқы Олимпиаданың жабылу салтанаты көне «Арена ди Верона» амфитеатрында өткізілді. Спорттық шара «Beauty in Action» («Қозғалыстағы сұлулық») атты шоуымен аяқталады. Оған дәстүр бойынша барлық қатысушы елдің делегациясы келді. Олардың арасында Қазақстан да бар. Әлемнің әр қиырынан келген спортшылар аренадан салтанатты түрде жүріп өтті.
Жалпы алғанда, Қазақстан ұлттық құрамасының XXV қысқы Олимпиададағы өнері жоғары бағаланып, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетті екенін және жоғары деңгейдегі спортшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Спортшылар тіркеген нәтижелер қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың тиімділігін, өңірлік спорт инфрақұрылымының нығаюын және ұлттық құрамаларды халықаралық ірі жарыстарға кезең-кезеңімен сапалы даярлау ісінің нәтижелілігін айқындайды.
Енді алдағы қысқы Олимпиада 2030 жылдың 1-17 ақпан аралығында Франция Альпілері аймағында (Франция) өткізіледі. Бұл 2024 жылдың 24 шілдесінде Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің 142-сессиясында белгілі болған еді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






