Ауа райын болжаушылар Ертіс өзеніндегі мұздың жүруі шамамен 8 сәуірде басталып кетуі мүмкін екенін айтады. Ол шамамен жеті-сегіз күнге ұласады.
Еліміздегі ең ұзын су артериясы – Ертіс өзенінде мұз көбесінің сөгіліп, сең жүру үдерісі соңғы жылдары ерте басталып жүр. Ауа райын болжаушы мамандар норма бойынша мұздың жүруі шамамен 19 сәуірден басталуы керек екенін айтады. Дейтұрғанмен кейінгі жылдары қардың жылдам еріп, Ертіс бойына көктем ерте келетініне байланысты табиғи факторлар өзгерген.
Біздің болжауымызша, Павлодар қаласының маңайында сеңнің жүруі шамамен 8 сәуірде басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Өткен жылы ол 7 сәуірде басталып кеткен. Бізден жоғары 200 шақырым жерде тұрған Жетіжарда сәл ертерек басталуы мүмкін. Ал төменгі ағыста орналасқан Ертіс ауданы аумағында да сол шамада болып қалуы керек. Негізі өзендегі су төменгі жағынан бастап қатып, жоғары жағынан бастап ериді. Ал Ертіс өзеніне Павлодар қаласы маңында жылы ағыс келіп қосылатынын ескерсек, бұл табиғи жағдай бұзылады. Аумақта мұз аса қата қоймайды. Көктемде бұл жердің мұзы тез сөгіліп, ағып кетеді. Негізгі қауіп – арнаның жоғары жағынан келетін мұз қозғалысы, – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-гидрологы Марина Минчакевич.
Ертіс – негізі реттелетін өзен. Арнаның гидрологиялық режимі су қоймаларының каскадымен реттеледі. Олардың негізгісі – шығыстағы Шүлбі су қоймасы. Шүлбіден қыстың төрт мезгілінде де су жіберіле береді. Қазіргі уақытта секундына 650 текше метр су жіберіліп жатыр. Оның нәтижесінде Ертіс суы күн сайын орташа есеппен 1-3 сантиметрге көтеріледі. Мамандар бұл қалыпты жағдай деп есептейді, сеңнің жүруіне аса әсер етпейді. Дейтұрғанмен кей жағдайда өзен арнасының тар және таяз жерлерінде мұздар кептелетін болса, ол су деңгейінің қауіпті деңгейге дейін көтерілуіне ықпал етіп, елді мекендерді, жайылымдарды, жолдарды және инфрақұрылымды су басу қаупін тудырады. Бір жылдары Май ауданында сондай оқиға болған. Оның үстіне сәуір айының ортасына таман Шығыс Қазақстандағы су қоймаларының барлығы ашылып, Ертіс өзеніне негізгі су босату шарасы басталады. Жылдамдығы секундына 3600 текше метрге дейін жететін мол су жеткенше өзендегі мұздар ағып кетуі тиіс.
«Қазгидромет» мамандары осы аптада Павлодар облысын аумағында ауа температурасы +20 градусқа дейін көтерілетінін болжап отыр.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар Ертіс өзенінің жылы ағысы мұнай өнімдерімен ластануы мүмкін айтып, дабыл қаққан болатын.
Дейтұрғанмен Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мамандары Ертіске құятын «Теплая течение» сағасынан алынған сынаманы зертханалық сынақтан өткізіп, өзен суы таза деген қорытынды шығарды.






