Бір отбасының екі баласы суға батып кетті

517

0

Ақтөбеде үш адам суға кетті. Оның екеуі бір отбасының екі баласы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Ақтөбе қаласында болды. Сағат 14:18-да облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік бөліміне хабарлама түсті.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы Заречный-1 тұрғын алабының көпір маңында бір адам суға кеткен. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 жастағы жігіт қауіпті, шомылуға тыйым салынған жерге суға түскен. Оның денесі жағадан 10 метр қашықтықта, 3 метр тереңдіктен табылды.

«Ақтөбеде сағат 19:30-да тағы да хабарлама түсті. Заречный-1 тұрғын алабындағы көпір маңында 2009 және 2011 жылы туған екі бала суға кетіп қалды. Олардың денесі 3 метр тереңдіктен табылды. Екеуі де бір отбасының баласы. Бұл жер – суға түсуге тыйым салынған аумақ. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті суға түсудің ережесін сақтауды сұрайды. Ішімдік ішіп, жағажайға бару қауіпті. Балаларды да көзден таса қылмау керек. Әрі жағажай арнайы рұқсаты бар орын болғаны жөн»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, он күн бұрын Ақтөбеде бір тәулікте төрт адам суға батып кетті. Олардың денесін құтқарушылар жағаға шығарды.

Ақтөбе қаласы Өрлеу ауылында суға түсуге арналмаған орында бір үйдің 2006 жылғы және 2004 жылғы екі адамы суға батып кеткені жөнінде ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жетті.

Құтқарушылар дронның көмегімен 16 жастағы жасөспірім мен 18 жастағы азаматтың денесін тапты. Олар жағадан 13-15 метр қашықтықта 1,8-2 метр тереңдіктен шығарылды.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<