Бірінші сыныпқа құжат қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді

1256

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биылдан бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Тиісінше, Egov.kz «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы шағын мөлтектегі білім беру ұйымдарын автоматты түрде таңдау қарастырылған. Осы арқылы сынып жинағы да автоматты түрде жинақталады.

Сондай-ақ, «электронды үкімет» порталы арқылы білім беру ұйымымен келісім шарт электрондық форматта жасалатын болады. Жалпы, облыста бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов хабарлады.

– Осы жылы бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімі 31 тамызға дейін ұзартылды. Қазіргі таңда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау тәртібіне енгізілген өзгеріске байланысты ата-аналарға тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ал білім беру ұйымдарында арнайы E-gov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жасақталған. Биыл облыс бойынша 2024-2025 оқу жылына 17 448 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттайды деп жоспарлануда. Оның ішінде қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 16 345 бала болса, орыс тілінде білім алатын балалар саны – 1 103 құрайды. Дегенмен, балалардың мектепке дайындығы да аса маңызды. Осы ретте, балабақша немесе білім беру ұйымдарының даярлық тобында тәрбиеленбеген балалар үшін тамыз айында өңіріміздегі барлық мектептерде дайындық сыныптары жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде оқушылардың қыркүйек айынан бастап сабақ процесіне кедергісіз енуіне мүмкіндік жасамақ, – деді Бағдат Қамбозұлы.

Қызылорда қаласында үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар білім беру ұйымдарында үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданды. Мәселен, аталған білім беру ұйымдарына қосымша құрылыс нысандары салынып, балалардың санына орай сынып кабинеттері жасақталды. Сондай-ақ, бірінші сыныпқа қабылдау реттілігі 9,11 сынып бітірушілердің санына қарай сынып жинақтау тапсырылды.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<