Бірлік күні: Сыр елі татулықтың туын биік ұстады

312

0

Фото: Ассамблея Қызылорда

Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйі ғимаратының алдында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Сыр елі – татулық пен келісімнің мекені» атты салтанатты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті.

Бірлік мерекесі этномәдени бірлестіктердің шеруімен басталды. Оған 300-ге жуық адам қатысты.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті депутаттары, қоғам қайраткерлері, облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері, ҚХА құрылым мүшелері және қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, бірлік пен келісімнің маңызын ерекше атап өтті.

Сән-салтанатымен безендірілген сахна төрінде Сыр өңірінің достығы мен мәдениеті кеңінен көрініс тапты. Әсем ән мен мың бұралған би, этномәдени бірлестіктердің ұлттық қойылымдары мен музыкалық композициялары көрерменге шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және ел бірлігіне үлес қосқан азаматтар «Шапағат» медалімен және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Құрметке ие болған тұлғалар қатарында түрлі этнос өкілдері, қоғам белсенділері мен ұстаздар, кәсіпкерлер мен мәдениет саласының үздіктері бар.

Шараның шарықтау шегінде орындалған «Жаңа Қазақстан», «Белес», «Атамекен», «Қызылорда» сынды әсерлі әндер мен түрлі этнос өкілдерінің ұлттық ән-билері көрермен жүрегінен ерекше орын алды.

Сыр елі – шын мәнінде татулықтың тірегі, келісімнің кемел үлгісі.

Осы бірлік пен бейбітшілік мерекесі әрбір жүрекке үміт пен сенім сыйлап, болашаққа бірге ұмтылуға шақырды.