Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында Астананың 25 жылдығына орай «Еңсесі биік – Елорда» тақырыбындағы Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Оған Ғылыми-сарапшылық топтың мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Шара модераторы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов шараға қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады. «Елорда – Қазақстанның жаңа тарихы жасалған қала. Жиырма бес жасқа қадам басқан қала тәуелсіздікпен бірге дамуға бағыт алып, батыл қадамдарымен мақсатқа ұмтылудан жалыққан емес. Егемен елімізді ертеңге жетелеген бас қаламыз – бірлік пен берекенің тоғысқан мекені, игіліктің бастау бұлағы іспетті», – деді.
Спикерлер «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, Қорқыт Ата атындағы ҚУ-нің «Құқықтану» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Мадина Жүсіпбекова қазақстандық қоғамдағы оңтайлы өзгерістер, тиімді реформалар жөнінде, ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, Қорқыт Ата атындағы ҚУ-нің «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қуаныш Жарекеев қазақ елінің ұлт тарихындағы астаналардың қалыптасуы, орналасуы және себептері жөнінде әңгіме қозғады. Ал «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, философия докторы (PHD) Дәулет Омаров Астана – ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті екендігін алға тартты.
Пікір алмасудан соң «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов шараны қорытындылай келе, соңғы он жылдың ішінде әлемге танылған Астана Қазақстанды да әлемге әйгілі етті. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр деп, барша отырысқа қатысқандарға алғысын білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<