Бүгін Қазалы ауданында, Әйтеке би кентінде Мұстафа Матаев атындағы №170 қазақ орта мектебінде профессор Мұстафа Матаевтың ескерткіш бюстының ашылу салтанаты өтті.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мектеп ұжымын құттықтап, Мұстафа Матаевтың саналы ғұмырындағы ғылымға қосқан үлесі мен адамгершілік болмысының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
– Қай заманда да, қай қоғамда да дара тұлғаның жөні бөлек. Солай болған, солай бола да береді. Елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алатынына қоғамымыздағы жетістіктерге қарап көзіміз жетіп отыр. Ғасырға жуық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазіргі биігіне көтерілуіне өзіндік үлесін қосқан, ел көшін алға сүйреген Мұстафа Матаев – қабырғалы қайраткер. Бар өмірін Сыр бойының өркендеуіне арнап, адалдық пен қажырлықты ғұмырының туы еткен үлкен өнеге иесі, – деп атап өтті аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы бүгінгі тарихи сәтке байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Құттықтау хатын» оқып беріп, мектепке табыс етті.
Салтанатты шараға қатысқан Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ардагері, профессор Бағдат Кәрібозов, Мұстафа Матайұлының баласы Ғабит Матаев пен немересі Оңталап Көшербаев ескерткіш бюстының ашылуымен құттықтап, өнегелі өмірі, жарқын істері, өшпес іздері туралы айтып берді.
Сыр бойының тұңғыш философия ғылымдарының кандидаты Мұстафа Матаев көп жыл Қызылорда облысындағы іргелі оқу орнында еңбек етіп, көптеген шәкірттерге білім берді. Республика көлеміндегі ғылыми-педагогикалық жұмыстары ескеріліп, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Әлеуметтік ғылымдар» академиясының Құрметті академигі атанды. Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы атақтары да берілді.
Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.
Ардақты азаматтың өмірі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық. Осыған байланысты мектептен ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, өз заманының өршіл тұлғасы Мұстафа Матайұлының музейі де ашылды. Мұнда белгілі тұлғаның пайдаланған заттары, кітаптары қойылды.
Ескерткіш бюст ашылған соң білім ордасына жиналған құрметті қонақтар музей ішін аралап, мұндағы жәдігерлермен танысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<