Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босап шығуына кімдердің келісімі керек

427

0

Фото: Kazinform

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова экс-министр Қуандық Бишімбаевтың мерзіменен бұрын босап шығуы мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді.

«Мерзімінен бұрын босату мәселелері заңмен реттелген және жасалған қылмыс дәрежесіне байланысты. Жалпы, бұл мәселені қылмыс жасаған адам қамалған мекеменің ұсынысы бойынша сот шешеді», – деді Б.Жақселекова Сенатта өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл тұрғыда тілшілер вице-министрден істі болған Бишімбаевта мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға қаншалықты мүмкіндігі бар екенін сұрады.

«Менің білуімше, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Шешім күшіне енген соң, қылмыстың ауырлық дәрежесін ескере отырып, тиісті есептеулер жүргізіліп, қосымша түсініктемелер беріледі деп ойлаймын», – деп түсіндірді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ оған «Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босатылуына зардап шеккен отбасы мүшелері келісім беруі керек пе?» деген сұрақ қойылды.

«Шартты түрде мерзімінен бұрын босату кезінде мұндай мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндік жазаны өтеп жатқан адамды оң сипаттайтын мән-жайлар болған кезде белгіленеді. Ауыр қылмыстар үшін ең төменгі мерзім сотталған уақыттың үштен екісін өтегеннен кейін қарастырылуы мүмкін. Расында да бұл жағдайда жәбірленген тараптың келісімі қажет. Бірақ бұл мәселеде сот шешіміне басымдық берілетінін атап өткім келеді. Екіншіден, осы нақты үкім заңды күшіне енгенін күтуіміз керек», – деді Ботагөз Жақселекова.

Айта кетейік, судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты Алқабилердің үкімін оқыды.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында, 99-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша – 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, Алқабилер Бақытжан Байжановты ағасы Қуандық Бишімбаевтың қылмысын жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Сөйтіп сот Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айырды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<