Биыл 11 елді мекенге табиғи газ желілері жүргізіледі

327

0

Биыл облыс бойынша газдандыру деңгейін 72 пайызға жеткізу жоспарлануда. Тиісінше, осы жылы 11 елді мекеннің газдандыру жобасы толық аяқталып, 40 мыңға жуық халық көгілдір отынның игілігін көреді.

Бұдан бөлек, өңірдегі жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 8 жоба қарастырылып, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 әлеуметтік нысанның қазандықтары жөнделмекші. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәлімдеді.

– Биыл облыста 26 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылады. Бұл қаржыға былтыр басталған 6 жобаның жұмысы жалғасып, 20 жаңа жобаның құрылысы басталатын болады. Осылайша аймақтағы табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейін 70 пайыздан 72 пайызға жеткізу жоспарлануда. Өздеріңізге мәлім, қаламызда құны 215 млрд.теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегаватты жаңа жылу электр орталығын салынады. Қазіргі таңда жаңа нысан аумағында жерді тегістеу, инженерлік-геодезиялық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аймақты толық ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары орталықтандырылған ауыз суға толық қосылған. Ал 230 елді мекеннің 98,1 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Қалған елді мекендерді таза сумен жабдықтау үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламаларымен 23 жоба қолға алынады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, облыста күрделі жөндеуді қажет ететін 550 көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл оның 18-не республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді басқарма басшысы Руслан Аймырзаұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<