Биыл 4,3 мың шақырым автожол күрделі жөндеуден өтеді

6

0

Фото: Көлік министрлігі

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде жол саласының көктемгі құрылыс маусымына дайындығына арналған кеңес өтті. Жиында жол құрылысы материалдарының қоры, жол бойындағы сервисті дамыту және су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

 Министрлік басшылығы биыл жол саласында ауқымды жұмыстар жоспарланғанын атап өтіп, дайындық шараларын жеделдетуді тапсырды. Осыған байланысты «осында және қазір» қағидаты бойынша барлық ұйымдастыру жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігі айтылды.

Кеңес барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өңірлік филиалдарының жол құрылысы материалдарын дайындау бойынша атқарған жұмыстары тыңдалды. Бүгінгі күні негізгі материалдардың қоры қалыптастырылған. Атап айтқанда, 3,1 млн м³ қиыршық тас, 78,2 мың тонна битум, 15,3 мың тонна темір-бетон бұйымдары және 529 тонна минералды ұнтақ дайындалды. Дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқан жобалар бойынша жұмыстар мердігерлермен шарт жасалғаннан кейін басталады.

Жалпы, 2026 жылы реконструкция, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 4,3 мың шақырым автожол қамтылады.

— Кеңесте жол бойындағы сервисті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әсіресе, азаматтардың қолайлы жағдайын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын санитарлық-гигиеналық тораптардың (СГТ) жай-күйі қаралды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін кейбір нысандардың жабық болуы немесе санитарлық жағдайының талапқа сай келмеуі туралы тұрғындар тарапынан шағымдар түскен. Осыған байланысты Сапа орталығы республикалық маңызы бар автожолдардағы жол бойындағы сервис нысандарына тексеру жүргізді.

Биыл 4,3 мың шақырым автожол күрделі жөндеуден өтеді

— Тексеру барысында 684 санитарлық-гигиеналық торап пен суық дәретхана қаралды. Нәтижесінде 13 СГТ-ның жұмыс істемейтіні, ал 69 суық дәретхананың санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз екені анықталды, — деп хабарлады ведомстводан.

Министрлік басшылығы барлық жол бойындағы сервис нысандарын қысқа мерзімде тәртіпке келтіруді, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және инфрақұрылымды күтіп ұстау бойынша жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметіне сәйкес, жол бойындағы сервис нысандарын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Ақмола облысындағы «ҚАЖ-Сервис» ЖШС филиалының басшысы қызметінен босатылғаны, сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бірқатар басшылары бақылаудың жеткіліксіздігі және дер кезінде шара қолданбағаны үшін тәртіптік жазаға тартылғаны хабарланды. Санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына бақылау күшейтіліп, анықталған бұзушылықтарды жедел жою шаралары қабылданады.

Кеңесте қаралған тағы бір маңызды мәселе — су тасқыны кезеңіне дайындық. Қазіргі уақытта республикалық автожолдарда 15 мыңнан астам су өткізгіш құбыр тазартылып, ашылды.

Жол қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Су тасқыны кезеңінде жедел әрекет ету үшін 2,1 мыңнан астам мамандандырылған техника әзірленді. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет ету шаралары пысықталып, төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын баламалы маршруттар айқындалды.

Министрлік басшылығы тасқын кезеңінде автомобиль жолдарының жағдайын тәулік бойы бақылауды, су деңгейін және қауіпті учаскелерді тұрақты қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Заманауи әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бұған дейін 2030 жылға дейінгі 1500 шақырым жол төрт және одан да көп жолақты болатынын жаздық.