Аграрлық саладағы ең өзекті мәселенің бірі – фитосанитариялық қауіпсіздік. Ол ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға үлкен мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін сақтап тұру бағытында Қызылорда облысының аумақтық инспекциясы тұрақты түрде бақылау жасап, өнімдердің фитосанитариялық талаптарға сәйкестігі мен сапасын тексеруден өткізеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР АШМ АӨК МИК Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев мәлімдеді.
– Жыл басынан бері инспекция тарапынан 1 328 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сауда базарларында жүргізілген бақылау қадағалау жұмыстарының нәтижесінде облыста таралмаған 4 карантиндік нысан анықталып, залал келтірілген өнімдер сот органдары шешімімен тәркіленіп, тиісті әдістермен жойылды. Сондай-ақ, биыл өсімдіктер карантині саласындағы заңбұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғаларға 71 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы, жиі кездесетін заңбұзушылықтар қатарында өнімдерді ілеспе құжаттарынсыз тасымалдау және олардан карантиндік нысандардың анықталуы мен өнімдерді межелі пунктінде екінші қайтара ұсынбауы болып табылады. Айта кету керек, осы жылы облыс аумағында карантиндік объектілер жатаған у кекіреге қарсы 131 гектар жерге, қауын шыбынына қарсы 1 750 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жасалды. Ауыл шаруашылығы құрылымына қарасты 11,5 гектар жерге карантиндік арамшөп жатаған у кекірені оқшаулау, жою бойынша 2 нұсқама беріліп, өңделді. Ал, қазір калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 34,5 гектар және арамсояуға қарсы 423,85 гектар залал орын алған жердің иелеріне карантиндік нысандарды оқшаулау және жою бойынша 31 нұсқама берілді.
Бүгінгі таңда біздің облысқа өзге өңірлерден 16 342,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкеліп тексерілсе, 13 746,2 тонна өнім өзге облыстарға жөнелтілген.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<